«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік қоры Жетісу тұрғындарына көмек берді

23/01/2023

 Еліміздің бес аймағында жүзеге асып жатқан әлеуметтік жоба көп жанның жанын жадыратты. «Табысты отбасы» табыс тауып, кәсіптің нәсібін көруге, осылайша өз ісін бастап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Құрал-жабдық жиынтықтарын салтанатты түрде табыстауға арналған іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның өңірлік еншілес компаниялары және жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Бес облыстың ішінде Жетісу облысының әкімдігі  ұсынған тізім аясында әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік, электр механигі, сұлулық салоны маманы, аспаздық  кәсіптерін 1 айда алғашқы легінің 24 түлегі игеріп, «Самұрық-Қазына» қоры атынан құрал-жабдық түріндегі қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік иеленіп отыр. Қазір оқудың екінші легінде 36 қатысушы білім алуда.

Бес аймақта барлығы 300 грант қарастырылып, «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне және аз қамтылған отбасыларға, жастарға тікелей табыс табуға нақты мүмкіндік береді. Өз ісін ашқысы келетін әрбір қатысушыға 150 АЕК сомасына жабдық өтеусіз беріледі.

 «Көпбалалы анамын, Жетісу облысының тұрғынымын. Осындай бірегей жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мен үшін «Табысы отбасы» - бұл үйде табыс табуды бастау мүмкіндігі ғана болып қоймай, сонымен қатар былайғы өмірде жетіспей жататын жанашырлықты сезініп, жаңа достармен кездестім», - деп бөлісті жоба қатысушысы Аида Баймұхамбетова.

Алдағы уақытта осы секілді өз ісін ашуға қажетті құрал-жабдықтар түріндегі грантты «Табысты отбасы» жобасы аясында Ұлытау, Абай, Ақтөбе және Түркістан облыстарының 114 түлегіне табысталады.

Comments are closed.