|
Жоба нәтижелері |
Инклюзияны қолдау кабинеттері 1 қыркүйекте Ақтөбе қаласындағы 10 жалпы білім беретін ұйымда жұмысын бастады. Олар №1, 8, 19, 26, 27, 35, 40 және 64 мектептерде, Д. Қонаев атындағы гимназия мен Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-лицейде ашылды. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 544 бала мамандардың кешенді көмегін алады. Кабинеттер 2026 жылғы мамырда Астанада өткен Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафонында жиналған қаражат есебінен жабдықталды. Бұдан бөлек, екі кабинеттің жабдықталуына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қаржылай қолдау көрсетті.
Жаңа кеңістіктер Samruk-Kazyna Trust қорының инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылармен бірлесіп әзірлеген жаңартылған тұжырымдамасы негізінде ұйымдастырылды. Бұрынғыдай бірнеше бөлек кабинет емес, көлемі кемінде 60 шаршы метр болатын бірыңғай ашық кеңістік жасақталған. Мұнда балалар әртүрлі мамандардан қажетті көмекті бір жерден ала алады. Дефектолог, логопед және психологпен жұмыс істеуге арналған аймақтар, шығармашылық қабілет пен ұсақ моториканы дамытуға арналған қыш шеберханасы, сондай-ақ заманауи жабдықтармен және спорттық құралдармен жарақтандырылған емдік дене шынықтыру кабинеті бар. Жыл бойы педагогтер мен бейінді мамандар заманауи әдістемелерді меңгеріп, әр баламен жеке жұмыс жүргізу дағдыларын жетілдіру үшін арнайы оқыту курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өтеді. Осылайша, бір кеңістікте білім беру, психологиялық, түзету және дене шынықтыру-оңалту қызметтері тоғыстырылған.
Бұл бастама — Samruk-Kazyna Trust қорының Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. 2026 жылы осындай кабинеттер Ақтөбенің 10 мектебінде және Семейдің 5 мектебінде ашылды. Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафонына 3 мың адам қатысып, Halyk, NCOC, KPO, «Қазцинк», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және басқа да компанияларды қоса алғанда, 50-ден астам серіктес атсалысты. 2024 жылдан бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бастамасымен барлығы 46 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Оның 21-і Астанада, 10-ы Ақтөбеде, 5-еуі Семейде, 5-еуі Ақмола облысында және тағы 5-еуі Атырау облысында орналасқан. Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 3 мыңға жуық бала инклюзивті білім беру аясында арнайы қолдау алып отыр. |