Журналистер медициналық пойызда жедел тексеруден өтті
18/07/2024
Қостанай облысының журналистері өңірдегі Денисовка станциясында тұрған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызында білікті дәрігерлер мен озық құрал-жабдықта денсаулығын тексерте алды. Сонымен қатар, баспасөз туры барысында тілшілер тарапы пойыздағы медиатор мен заңгерден құқықтық кеңеске ие болды. Осылайша БАҚ өкілдері медпойыз жұмысымен іс жүзінде таныса алды.
«Qostanai», «Акцент» телеарналары, облыстық «Қостанай таңы» және «Костанайские новости», аудандық «Наше время» газеттері сынды аймақтағы белді БАҚ өкілдері доңғалақ үстіндегі емханада жедел талдау жасатып, ЭКГ, УДЗ, рентген қондырғыларына түсіп, бірден нәтижесімен танысып жатты.
Жоба жайында журналистердің сауалдарына «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен Ұлттық комиссия өкілдері, пойыздың дәрігерлері, медиатор мен заңгер жауап беріп, сондай-ақ, тексеріліп, кеңес алған тұрғындар тілдесті.
Бұдан бөлек, Денисовка станциясы мен олардың маңайындағы ауылдар халқына республикалық деңгейдегі өнер қайраткерлерінің қатысуымен қайырымдылық концерт ұйымдастырылды.
Жалпы Қостанай облысында денсаулық керуені 10-нан астам бекетке тоқтап, тұрғындарға тегін медициналық-құқықтық көмек көрсетеді.
Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында болды. Нәтижесінде пойыз дәрігерлеріне 27091 адам қаралды. Оның ішінде 8837-сі – бала. Медицина қызметкерлері еңбегінен тыс, жылжымалы құрамдағы медиатор мен заңгер 1571 арызды қарастырып, жергілікті тұрғындардың құқықтық, еңбек дауларын шешуге күш салды. Әлеуметтік жоба биыл ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.
Добавить комментарий