Жүлде қоры 12 млн теңгеден асатын жас қаламгерлер байқауы басталды

06/10/2022

Бүгін бастау алған «Айтұмар» балалар әдебиетінің үздік туындыларының республикалық байқауын «Балалар жылы» аясында Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып, «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан бас демеуші болып отыр.

Байқауға 14-35 жас аралығындағы, ҚР аумағында тұратын кез-келген қаламгер қатыса алады. Әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша проза, поэззия және драматургия жанрларында шығармалар қабылданып, жалпы алғанда 18 жеңімпаз марапатталады.

Мақсат - жас қаламгерлер арасынан талантты жазушылар легін қалыптастырып, кенже қалған балалар әдебиетін жандандыру. Сонымен қатар балалар әдебиеті шығармаларының қолжетімділігін арттыру, жаңа шығармалар арқылы жас оқырмандардың, ерекше балалардың өмірге деген құштарлығын арттырып, армандарына қанат бітіру көзделуде.

«Аталмыш байқау «Балалар жылының» ең озық іс-шараларының бірі болатындығына еш күмән жоқ. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал мүгедектігі бар балалар үшін әдебиеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айтылып жүр. Мұнымен қоса «Менің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шығармалардың жоқтығына зиялы қауым өкілдері қынжылыс білдіріп жатады. Бұл ретте қазақ руханиятының қарашаңырағы Қазақстан Жазушылар одағы төл әдебиетімізді дамыту бағытында ауқымды жобалар ұйымдастырып келеді. «Айтұмар» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауы осыған дәлел болмақ», - деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет.

Жоба барысында ұйымдастырушылар байқауға келіп түскен шығармаларды балаларға, оның ішінде олардың мүмкіндігі шектеулі қатарластарына көбірек насихаттауға басымдық беріп, шығармалар оңай оқылу үшін аудио, электронды нұсқалары әзірленеді. Шығармашылыққа бейім, ерекше қабілеті бар балалармен әдеби байланыс орнатудан тыс, байқаудың 12 млн 300 мың теңгеден тұратын қомақты қаржылай жүлдесі арқылы жас қаламгерлерді ынталандыру көзделген.

«Біздің Қор «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан  әлеуметтік маңызды қайырымдылық шараларын жүзеге асыра отырып, еліміздің жарқын болашағы саналатын балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Осы орайда өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін баса мән беру керек деп санаймыз. Сондықтан осы байқауды қолдауға шешім қабылдадық», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.

Ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Ақберен Елгезек, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып, балалар жазушысы, ғалым Ақыш Нұрдәулет және журналист, аудармашы, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова сынды тұлғалар қазылық етеді. 2022 жылдың 3 қарашасына дейін байқауға шығармалар қабылданса, одан кейін олар іріктеліп, сараптамадан өтіп, желтоқсан айында марапаттау рәсімі жүргізіледі. Сондай-ақ жыл аяғына дейін QR коды болатын арнайы интерактивті жинақ кітаптың 2000 дана көлемінде басылып, Қазақстан аумағындағы 200-ден аса балалар үйіне, мектептерге, инклюзивті білім беру орталықтарына таныстырылатыны және таратылатыны күтілуде.

Барлық шығарма konkursaitumar2022@gmail.com электронды мекен- жайында қабылданады. Толық мәліметті  +7 747 286 36 96 байланыс номерінен білуге болады.

Comments are closed.