«Ұшақтарды рейске дайындаймын»: Даун синдромы бар жігіт «Самұрық-Қазына» қолдаған жобамен жұмыс тапты
15/11/2023
Біздің ерекше кейіпкеріміз Николай сынды балалар мен жастарды қолдаған «Күншуақ» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Каритас Қазақстан» қорымен бірлесе жүзеге асырып келеді. Орталық ай сайын 30-тан астам балаға қолдау көрсетеді. Кәсіби бағдар беру нәтижесінде екі ерекше бала жұмысқа орналасты. Николай орталықта жасөспірімдер мен жастарға арналған жұмыспен қамту бойынша бағдарламадан өтіп, кеңседе жұмыс істеу, қоғаммен қарым-қатынас жасау сынды біліктілікті меңгерді. Кейін «Air Astana»-мен келісім аясында Даун синдромымен қызметке алынған екі маманның бірі болды. Қазір ұшақтарды рейстерге дайындау бөлімінде жұмыс істейді.
«Қорымыздың алдыға қойған міндеттерінің бірі – балаларға қолайлы жағдай жасау, олардың дамуы мен келешегіне қолдау көрсету арқылы қоғамда инклюзияны дамыту. Николай сияқты балалардың тәжірибесі көрсеткендей, ерекше балалармен жұмыс жылдар бойы тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Әрі пайдаланылатын әдістеменің тиімділігі мен ата-ананың ықпалы зор. «Samruk-Kazyna Trust» қоры итальяндық бағдарламаға негізделген «Күншуақ» орталығының қызметін бір жарым жылдан бері қаржыландырып келеді. Бұл қайырымдылық жобамыз балалар мен ата-аналардың үмітін оятты», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
28 жастағы Николай Синенко бойындағы дертіне қарамастан көпке үлгі болған жігіт. Колледжде білім алып, республикалық және халықаралық спорт жарыстарының жүлдегері. Айтуынша халыққа пайдалы іспен айналысады. Аптасына бес күн жұмысқа барып, демалыс күні футболмен шұғылданады. Отбасының асыраушысына айналған жігіт жалақысын шетелдегі саяхатқа жинайды. Мәселен, өткен жылы анасымен бірге алғаш рет Таиландқа апталық демалысқа барып келді.
Алматы қаласындағы «Күншуақ» орталығында Даун синдромы бар балалардың ой-санасын дамытатын, денесін шынықтыратын, қоғамда әлеуметтенуін қалыптастыратын итальяндық әдістер мен тәжірибе қолданылады. Оқыту бағдарламасына инклюзия саласындағы мамандар, Верона университетінің оқытушылары Луиджи Сангалли және Фабио Тоньон бірнеше жылдан бері жетекшілік етеді. Орталықта логопед-дефектолог, психолог, балаларды дамыту және оларды мектепке дайындау бойынша педагогтер, массаж және емдеу-денешынықтыру мамандары жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта «Каритас Қазақстан» қоры республика бойынша ата-аналарға онлайн кеңестер жүргізеді. Алматымен қатар Атырау қаласында филиал ашылған. Астана және Көкшетау қалаларында осындай орталықтар құру бойынша жұмыстар аяқталуда.
Добавить комментарий