ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Ұрпақтар сабақтастығы: ардагер ұстаздар жеткіншектерді оқытады

18/05/2023

Бүгін Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында «Samruk-Kazyna Trast» КҚ қаржылық қолдауымен «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы салтанатты түрде ашылды.

Білім беру саласы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Мысалы, 2022 жылы «Samruk-Kazyna Trast» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының Қамқоршылық кеңесі бұл бағытта 1,35 миллиард теңгеге 9 жобаны мақұлдап, іске асырылды.

«Шыңға өрлеу» жобасы барысында аға буын өкілдерінің арасынан жұмыспен қамтылған 20 мұғалім-тәлімгер тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 1-4 сыныптың 120-дан астам оқушысына күнделікті тегін сабақ береді. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып, өзін жалғыз сезінуден арылуға мүмкіндік алған зейнеткер қариялар балаларға қамқорлық танытып, жылуын сыйлайды, тәжірибесімен, даналығымен бөліседі.

«Аға буын өкілдерін ардақтау, оларға барынша қолдау көрсету мәселесі біздің үнемі назарымызда. Оған «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жәрдемдесуге арналған, бүкіл ел бойынша 1400 қарияны қамтитын «Жеңіс» сынды жобаларымыз дәлел. Көргені көп, өмірден түйген даналығы мол егде жастағы педагог аға-апаларымыздың зейнетке шыққанына, шау тартқанына қарамастан, жас буынды тәрбиелеп, сауатын ашуда белсенділік танытып жатқаны қуантады. Осылайша тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленуші жеткіншектердің тұлғалық дамуына ден қойылуда», - деп атап өтті  «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

«Шыңға өрлеу» клубы Алматы қаласында бесінші жыл істеп келеді. Бүгінгі таңда шаһардағы аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 1-4 сыныптың 900-ден астам оқушысы тегін қосымша білім алатын 15 бөлімше табысты жұмыс істеуде. Әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға 200-ден астам аға буын өкілі - белсенді зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар мен әкелер, мүгедектігі бар балалардың қамқоршылары тартылған.

«Кез-келген жобаны сауатты түрде, халыққа пайдасы тиетіндей іске асыру өз алдына жауапкершілігі ерен іс екені анық. Алайда оның үстіне біз үшін қоғам өміріне тартылған қамкөңіл қарт жандардың өскелең ұрпақпен білгенімен бөлісіп, бақыттан бал-бұл жайнаған жүздерін көру бөлек бір ғанибет! Балалар да ата-әжелерінен сабақ алып, құнды білім мен дағдыларды игергеніне мәз. Жобаға қолдау танытқан қадірлі қонақтарымыздың, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Samruk-Kazyna Trast» қоры өкілдерінің осы жарқын сәтті бізбен бірге бөліскендеріне шын жүректен қуаныштымыз!», - деді Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев.

Клубта балаларға барлық негізгі мектеп пәндері (математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдері, IT-технологиялар) бойынша үй тапсырмасын дайындауда кәсіби көмек көрсетіліп қоймай, сонымен қатар жеткіншектер дене шынықтыру, сәндік-қолданбалы өнер, шахмат, хореография, музыка, домбыра, үй шаруашылығы және т.б. спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысады.

«Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы екінші тынысымызды ашып, осыған дейін жинаған бай білім-тәжірибемнің қоғамға әлі де керек екенін сездірді. Жұмысқа келгеннен кейін біз педагог-тәлімгерлер әр баламен бірге балдәурен шаққа саяхат жасаймыз, әлемге оның көзімен қарауға тырысамыз. Мұнда жұмыс істеу маған қуаныш пен ризашылық сезімін сыйлайды. «Samruk-Kazyna Trast» және «Шыңға өрлеу» - биіктерге бірге!», - деп әсерімен бөлісті 42 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты мұғалім, ҚР Білім беру ісінің үздігі Сәуле Ботабаева.

Жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trast» КҚ арқылы 101,6 миллион теңге бөлінді.

Добавить комментарий