Ұлытаулықтар «Самұрық-Қазына» қорының әлеуметтік жобасы аясында жаңа кәсіптерді игерді
03/03/2023
«Табысты отбасы» - әр отбасы жағдайын жақсарту мүмкіндігі. Бүгін Ұлытау облысы бойынша жобаның екінші тобының 26 қатысушысы 150 АЕК сомасына ноутбуктер, тігін машиналары, пештер және тағы да басқа жабдықтар жиынтығы түрінде грант алды.
Аталған әлеуметтік жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне, аз қамтылған отбасылар мен жастарға өз ісін тікелей үйде бастауға жол ашады.
Жабдықтар жиынтығын салтанатты түрде табыстауға арналған шараға «Самұрық-Қазына» АҚ өңірлік еншілес компаниялары мен «Samruk-Kazyna Trust» Қамқоршылық кеңесі, жергілікті атқарушы орган өкілдері және жоба жетекшілері қатысты.
«Әр отбасының әл-ауқаты, материалдық тұрақтылығы – бүкіл облыстың оң ахуалына септігін тигізетіні анық. Осылайша халық арасында жұмыссыздық азайып, әркім өз кәсібін дөңгелетіп әкетіп кетсе дейміз. Баршаңызға табыс пен амандық тілеймін», - деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Өңірде жобаны іске асыру басталғаннан бері барлығы 40 тұрғын сұранысқа ие «SММ», «Кондитерлік іс», «Тігін ісі», «Автоэлектрика» және «Бьюти индустрия» сынды 5 мамандық аясында оқудан өтті.
«Қор тарапынан қолдау тапқан пилоттық жоба бүгінде осындай нәтижесін көрсетіп, игілікті істерді кең ауқымға ұластыруға болатынын байқатуда. Демек бейіндік бағыттар, сабақтар, жоба аясында ұсынылатын тренингтер мен жабдықтар қатысушының үйде отырып ақша табуына және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар мен отбасылар үшін өте маңызды», - деп атап өтті «Самұрық Қазына» өкілі Самал Рашид.
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылау қолдауы арқылы «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасын Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске қосуға шамамен 200 млн теңге бөлінді.
«Жобаға дейін мен өз ісімді аша алмадым, бірақ тренингтер мен тәлімгерлер сабақ өткізгеннен кейін сенімге ие болдым. Енді менің сүйікті ісім «Табысты отбасы» жобасының арқасында табыс әкеледі. Бүгін алған тігін машиналар, ноутбуктер және тағы басқа жабдықтар біз үшін үлкен қолдау, өз ісімізді ашуға зор көмек», - деді көпбалалы ана Тоғжан Зікірина.«Ерекше баланың анасымын. Сондықтан маған жұмысқа орналасу қиын. «Табысты отбасы» жобасы маған үйден шықпай-ақ жұмыс істеуге және табыс табуға болатын білім мен құрал-жабдықтар берді. Бұл мен сияқты аналар үшін өте маңызды. Жоба авторларына және демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ тарапына алғыс айтамын», - деп ойын түйіндеді келесі жоба түлегі Жанерке Әбдікәрімова.
Добавить комментарий