ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Үйде табыс табу мүмкіндігі — «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауының арқасында Түркістан облысының тұрғындары бейінді оқытудан өтті

17/02/2023

Бүгін Түркістан облысында «Табысты Отбасы» әлеуметтік жобасының түлектері оқуды аяқтағаны туралы сертификаттар мен жабдықтар жиынтығы түрінде гранттар алды. Қатысушылар «SMM», «Бьюти индустрия», «Тігін ісі» және «Автоэлектрик» бағыттары аясында кешенді әрі қарқынды оқудан өтіп, топтағы жұмыс, тәжірибелі тәлімгерлерден кеңес, жеке тұлғаның дамуына арналған дәрістер сияқты белестерді сәтті еңсерді.

«Табысты отбасы» жобасына қатысушыларды облыс әкімдігі және «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ портфельдік компаниясының өкілдері, қоғам белсенділері, бизнес-тренерлер мен жоба тәлімгерлері құттықтады. Алайда, қатысушылар үшін жоба аяқталған жоқ, алдағы күндері олардың әрқайсына 150 АЕК сомасына құрал-жабдық өтеусіз табысталып, сондай-ақ үш ай ішінде істі жүргізіп әкету және дамыту мәселесінде тәлімгерлердің қолдауы жасалатын болады.

Жоба ерекше, өйткені қатысушылар білімнен басқа, өз ісін дамыту үшін қажетті – ноутбуктер, мультимарок сканерлерін, тігін машиналарын, дивандарды және т.б. тегін алды.

Бұл «Табысты отбасы» жобасына қатысушылардың екінші легі екенін атап өткен жөн. Бірінші кезеңде Түркістан облысы бойынша 27 қатысушы қажетті білімді игеріп, грант алды. Бағдарлама «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауының арқасында іске асырылуда.

«Жоба туралы әкімдік қызметкерлерінен білдім және автоэлектрик саласын оқимын деп шешім қабылдадым. Өйткені өзімнің автошеберханамды ашуды көптен армандап жүрген едім. Жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Себебі тәлімгердің, жаттықтырушының арқасында көп нәрсені қайта ойластырдым, жетіспейтін білім алдым, жұмыс істеуге және әрі қарай дамуға ынта-жігерім күшейді. Барлығына рахмет! «Табысты отбасы» жобасының екінші легі түлектерін құттықтаймын», - деді Қазығұрт ауданының тұрғыны, көпбалалы әке Ербол Әліпов.

«Сіздерге өміріңізді өзгертуге және отбасылық байлықты арттыруға тамаша мүмкіндік туып отыр. Өйткені жұмыс істеуге және жақсы табыс табуға болатын білім мен қажетті жабдықтар бар. Енді бәрі өзіңізге байланысты. Барлық түлектерге қаржылық табыс тілеймін, сіздердің жетістіктеріңіз - біз үшін ең үлкен марапат», - деп құттықтады жоба авторы Айжани Нұрланова.

Сертификаттар мен жабдықтарды алғаннан кейін түлектер өздерінің жаттықтырушыларына, тәлімгеріне, жобаның демеушісі – «Samruk-Kazyna Trust» Қорына алғыстарын білдіріп, іс-шара қонақтарына музыкалық тартуларын арнады. Мерекеге жобаның алғашқы түлектері де келді. Олар екінші лекке қатысушыларды құттықтап, өздерінің алғашқы кәсіпкерлік тәжірибесі мен табыстары туралы айтып берді.

«Табысты Отбасы» әлеуметтік жобасы өткен жылдың 1 желтоқсанында Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарында басталды. Жобада көпбалалы және аз қамтылған, жалғызбасты және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, табысы төмен жастар сынды халықтың әлеуметтік осал топтарына қазіргі заманғы, сұранысқа сай кәсіптерді үйрету көзделген. Нәтижесінде бірінші ағымда 114 қатысушы оқудан өтсе, екінші ағымда 186 адам жоба түлегі атанды.

Добавить комментарий