Түлектерді жұмысқа орналастыруға 10 өңір дайын
20/05/2024
«Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен өмірге жол тартқан «Жарқын болашақ» бағдарламасы аясында биыл маңғыстаулық, оның ішінде жаңаөзендік 36 түлек колледж бітіреді. Осы орайда жоба операторы оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін еліміздің 10 өңіріндегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, жоғары оқу орнына түскісі келетіндерге де жыл бойы бағыт-бағдар берілуде. «Инемен құдық қазуды» жалғастыратындарға ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу, университеттердің қабылдау комиссиясыларымен байланыс, құжат тапсыратын кезде көмек көрсетілсе, жергілікті басқармалар нәпақа табуға құлшынған, колледждердегі өндірістік оқыту әдістемесінің барлық талабын меңгерген түлектерге еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарын ұсынбақ.
Жалпы, былтыр «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық операторы қамқорлық танытқан жоба аясында, 9 өңірдегі 45 білім беру ұйымына қабылданған 177 грант иегерінің екеуі жұмысқа орналасып үлгергенін атап өткен жөн. Бүгінде Қарағанды теміржол колледжінің студенттері Нұрлан Қалыбаев пен Сақтар Беріков «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару мамандығы» оқуын үздік тәмамдап, кеншілер мекеніндегі локомотив жөндеу депосында табысты қызмет етіп жүр.
Колледж түлектері жинаған білімдерін, машықтары мен дағдыларын кәсіби қолданып, меңгерген ісін нақты кәдеге жарату үшін өздерінің қалауы бойынша алдын ала өндірістік орындардан тәжірибеден өте алады. Сонымен қатар, қосымша курстарға жол ашық. Мәселен, даяшы, кондитер, SMM, тігін ісі секілді курстарды тегін оқып, сертификат иемденеді, әрі қосымша кіріс табу мүмкіндігі туады. Жастардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары түсіндіріліп, жұмыс берушілермен өткізілетін әңгімелесу рәсімі кезінде өзін-өзі ұстай білуі, пікір алмасу технологиясының ерекшеліктері жөнінде де айтылады.
Добавить комментарий