«Таланттар байқауы» жеңімпаздарының есімдері белгілі болды

24/10/2023

Сонымен, дүбірлі додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған сайыскерлер бүгін салтанатты түрде марапатталды. Әділқазылар алқасының шешімімен «Вокал» бағыты бойынша көпшілікті ерекше дауысымен таңқалдырған «KEGOC» АҚ маманы Гүлім Ожанова І орынға ие болды. Жақсы өнер көрсеткендері үшін ІІ орынды «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» қызметкері Рүстем Өмірзақов пен ІІІ орынды «Air Astana» маманы Мария Волотило алды.


«Айтыс» номинациясында оза шауып, өткір сөзімен ерекшеленген Ғалымбек Мұстафа І орынға лайықты деп танылды. Ол «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ қызмет атқарады. ІІ және ІІІ орындарды «KEGOC» АҚ маманы Олжас Уристимов пен «Самұрық-Энерго» АҚ өкілі Бағдат Әлекбаевқа өзара бөлісті.
«Бейнелеу өнері» бағытында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ маманы Бейбіт Тілегеннің туындысы үздік деп танылып, І орынға ие болды. Ал ІІ орын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ маманы Ақмарал Еспенбетоваға, ІІІ орын «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС қызметкері Анар Илиеваға бұйырды.  
Жеңімпаздарға байқау дипломы мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Сайыста топ жарған жүлдегерлерді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов құттықтады. Қор басшысы шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, барша қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.  

«Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Таланттар байқауы» жобасының жоғары деңгейде өтіп, аяқталуымен құттықтаймын. Осы маңызды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық әріптестер мен қатысушыларға алғысымды білдіремін.
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!», - деді Қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының бастамасымен ұйымдастырылған «Таланттар байқауы» Қордың 15 жылдығына орай алғаш рет өткізілді. Байқаудың ақтық кезеңіне 38 үміткер жолдама алған болатын. Оның ішінде вокал бағыты бойынша 15, айтыс өнерінен 8 және көркемсурет бағытында 14 қатысушы өнер көрсетті.

Comments are closed.