СҚО-да «Самұрық-Қазына» қолдауымен алғашқы оңалту орталығы ашылды

02/02/2024

Петропавл қаласындағы Облыстық перинаталдық орталықта іске қосылған ерте араласу орталығы жыл сайын 3 жасқа дейінгі 600 ерекше баланы қабылдауға қауқарлы.

Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен ашылған 16-шы ерте араласу орталығы, ал Қор қолдауымен жалпы іске қосылған 36-шы оңалту орталығы.

«Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылдан бері ерекше балаларды оңалтудан өткізетін орталықтарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Үш жыл ішінде біз Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған 15 оңалту, 16 ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталықтың тұсауын кестік.  Бүгінде орталықтарда ел бойынша 40 мыңға жуық бала оңалтудан өтіп үлгерді. Олардың 3070-і алғашқы қадамын жасаса, 4162 бүлдіршін бірінші сөздерін айта бастады», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі 2300-ден астам бала ер жетіп келеді. Оларға оңалту қызметі 3 стационар мен амбулаториялық деңгейде 2 жерде көрсетілуде. Осылайша енді оңалту ерте араласу орталығында да қолжетімді болады.

«Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының ынтымақтастығында ашылған жаңа орталықта ерекше балалармен невропатологтар, оңалту дәрігерлері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, психологтар, логопедтер және кәсіби терапевттер тобы жұмыс істейді. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстанның  жоғары деңгейдегі заманауи медициналық және диагностикалық жабдықтары қойылған, олар – мотометрлер, вертикализаторлар, Rifton тренажерлері, «Головастик», «Кузнечик» төсемдері, «Атлант» костюмдері, иммерсиялық ванна, сенсорлық, шунгитті және тұзды бөлмелер, аудиометриялық модуль және ЭЭГ аппараты.

Орталық Петропавловск қаласы, Казахстанская правда көшесі, 233 мекенжайында орналасқан. Жалпы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Солтүстік Қазақстан облысында 2018 жылдан бері 521,7 млн теңгеге 6 әлеуметтік жобаны іске асырды

Comments are closed.