Шымкентте алғаш рет ерте араласу орталығы ашылды
03/04/2023
Шымкент қаласында алғаш рет 3 жасқа дейінгі дамуында кінәрат бар балаларға арналған «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан осындай 6 орталық қолданысқа берілсе, енді тағы 13-ін іске қосуға «Қазақстан халқына» қоры ниет танытып отыр.
Шымкенттегі орталықта жыл сайын дамуында кінәрат байқалған және олардың туындау қаупі бар 600 жас бала абилитациялық және оңалту көмегін алатын болады, сондай-ақ озық үлгілі жабдықта диагностикалық аудиологиялық және ми тексеруінен өтеді. Балалармен оңалтушы дәрігерлерден, неврологтардан, емдік-дене шынықтыру нұсқаушыларынан, эрготерапевттерден, логопедтерден және дефектологтардан тұратын мамандардың көпсалалы тобы жұмыс істейтін болады.
Орталықтың ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, «Самұрық-Қазына» АҚ әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов және «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері қатысты.
«Қамқорлық» қорының ұсынысымен «Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылдан бері балаларға арналған оңалту орталықтарының ашылуын қаржыландырып келеді. Үш жыл ішінде Қор Қазақстанда 15 «Қамқорлық» оңалту және 6 ерте араласу орталығының ашылуын қаржыландырды. Бұл істе сіздердің өңірде орналасқан «Тау-Кен Самұрық», «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындарының да үлесі зор. Тиісті жұмыстар биыл «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе жалғасын табады», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Осылайша компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 13 ерте араласу орталығын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға биыл 750 млн теңге бөлінді.
«№2 оңалту орталығы ғимаратындағы «Қамқорлық» ерте араласу орталығы шала туған, церебральды сал ауруы, Даун синдромы, туа біткен даму ақаулары, босану жарақаттары, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, үдемелі бұлшықет дистрофиясы және дамудың басқа да диагноздары бар балаларды қабылдайды. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – ерте бастан балалар мүгедектігіне жол бермеу және сәбидің өмірінің алғашқы айларынан бастап білікті әрі кешенді көмек көрсету», - дейді №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиева.
Добавить комментарий