ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Самұрық-Қазына» Республика күніне ауылдық жерлерде 4 инклюзия кабинетін ашты

24/10/2024

«Самұрық-Қазына» АҚ Республика күні қарсаңында Ақмола облысында 4 инклюзияны қолдау кабинетін іске қосты. Осылайша ауылдағы ерекше балалардың басқа қатарластарымен тең сапалы білім алуына жағдай жасалып отыр.

«Қор өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында инклюзия саласына ерекше мән береді. Оның ішінде білім мен медицина бағыттарында қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты қысқартатын кешенді көзқарасты ұстанып келеміз. Кеше ғана Ақтөбе облысында аутизмі бар балаларға арналған орталықты іске қосу арқылы оңалту мекемелерінің санын 43-ке апардық. Бұл дегеніңіз, өңірлерде оңалту қызметі одан әрі қолжетімді бола түсуде», - деп атап өтті ашылу салтанатында «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Бүгін инклюзия кеңістіктері Оразақ, Қызылжар, Қараменді және Ы. Алтынсарин ауылдарында қолданысқа берілсе, тағы біреуін биылғы желтоқсан айында Көкшетау қаласында пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Жалпы сомасы 87,3 млн теңгені құрайтын 5 инклюзия кабинетінің жұмысы нәтижесінде кем дегенде мектепке және балабақшаға баратын, үйден оқып келген мүгедектігі бар 120 бала қамтылады.

Тең қоғамды дамыту мақсатында жоба барысында инклюзия мамандары төрт аймақтан тұратын бөлмелерде сабақтан тыс кезде жеке және топтық шаралар өткізеді. Әр балаға дербес бағдарлама қарастырылып, мұғалімдерге бір жыл бойы әдістемелік қолдау жасалмақ.

Әр дәрісхана тез тозбайтын, бүлдіруге төзімді парталармен және үстелдермен, орындықтармен, басқа да арнайы жиһазбен, бормен және маркермен жазуға болатын, интерактивті тақталармен жабдықталған. Сонымен қатар, тиісті техника мен бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютерлер, сканерлер және дидактикалық материалдар, ойын жинақтары, дене белсенділігін ширатуға арналған материалдар және тағы басқа заттар бар. Еске сала кетсек, бұған дейін Қор өзінің бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» КҚ арқылы Астана қаласының 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттерінің тұсауын кесіп, жыл аяғына дейін олардың санын 10-ға жеткізуді көздеуде. Ақмола облысында «Samruk-Kazyna Trust» кейінгі 4 жылда 862,6 млн теңгенің 11 әлеуметтік жобасын жүзеге асырды.

Добавить комментарий