ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Самұрық-Қазына» Қостанай облысына 735 миллион теңгеге спорт кешенін салып берді

12/08/2023

Қостанай облысында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен жаңа Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Сонымен қатар, Қор басшысы өңірдің медицина қауымдастығына жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.

Нұрлан Жақыпов облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге ауқымды кешеннің ашылу рәсіміне қатысып, ендігі сәтте онда спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанатын балалармен, жергілікті тұрғындармен, ардагерлермен сұхбаттасты. Сондай-ақ Әулиекөл орталық аудандық ауруханасына реанимобиль кілтін тапсыра отырып, Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы әрі қарай да еліміздің денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік топтарын қолдау салаларына ерекше назар аударыла беретінін атап өтті.

«Бәріміздің есімізде, бір жыл бұрын осы Әулиекөл ауданында алапат өрт болып, сын сағатта барша қазақстандықтар қостанайлықтарды жалғыз қалдырмай, жабыла көмектесуге кірісті. Соның ішінде біздің Қор да өрттен зардап шеккен отандастарымызбен қиындықта бірге болуға, дереу қол ұшын созуға шешім қабылдады. Осылайша келтірілген залалдың көлемі анықталғаннан кейін, өрт салдарын жою мақсатында сол уақытта бірден тиісті еңселі спорт нысанының құрылысы басталып, бүгінде ол қолданысқа беріліп отыр», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Құны 734 миллион 480 мың теңгеден астам Дене шынықтыру-сауықтыру кешені волейбол мен баскетболдан, бадминтон мен үстел теннисінен және күрестен жарыстар мен оқу-жаттығу шараларын өткізуге арналған. Аумағы 1 мың шаршы метрден асатын, 2 қабаттан тұратын жабық бөлігінде 100 көрермен орны, спорт құрал-жабдығын сақтайтын орын, жаттықтырушылар мен күзет, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, сапалы еден жабыны қарастырылған. Оқыс жағдайда қауіпсіз жерге көшіру жүйесі бар. Сонымен қатар медициналық қосын, персонал жайлары, жаттығу залы қамтамасыз етілген. 

Арнайы «С» сыныпты жедел медициналық жәрдем көлігі Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 30 қарашасындағы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығы аясындағы қажетті талаптар бойынша жабдықталған, науқастар өмірін ауруханаға жеткізгенше құтқарып қалуға арналған. Еске сала кетсек, бұған дейін Қор тарапынан жедел жәрдем және инватакси көліктері Ұлытау, Абай, Жетісу және Түркістан облыстарына берілсе, алдағы уақытта Ақмола облысына да бірнеше медицина көлігі тапсырылмақ.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» КҚ арқылы жүзеге асып жатқан қайырымдылық қызметінде 2019-2023 жылдары Қостанай облысында 1,6 млрд теңгеге әмбебап спорт және ойын алаңдарын орнату, оңалту, инклюзивті білім беру орталықтарын, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін, ауа-тірек құрылымындағы спорт кешенін ашу сынды 12 жоба іске қосылды.

Добавить комментарий