«Самұрық-Қазына» қорының әлеуметтік инвестициялары: Павлодар облысында балалар оңалту орталығы мен екі спорт кешені ашылды
25/12/2024
Жаңа жыл қарсаңында Павлодар облысында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен балалар оңалту орталығы мен спорт кешендері ашылды. Нысандар елімізде оңалту көмегіне қолжетімділікті кеңейту және бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қордың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске асырылды.
Павлодардағы ерте араласу орталығында жыл сайын әртүрлі патологиялары бар үш жасқа дейінгі 600 бала кешенді көмек алатын болады. Мамандар балаларға әлі қалыптаспаған функциялары мен дағдыларды игеруге немесе дамытуға көмектеседі. Ол үшін арнайы техникалық құралдар, тренажерлер орнатылып, қозғалыс дағдыларын дамыту бойынша технологиялар енгізілді. Мұның бәрі ерекше балалардың балабақшаға, мектепке және алдағы өмір жағдайларына сәтті бейімделу мүмкіндігін арттырады.
Балаларды оңалту орталығы «Самұрық-Қазына», «Қазақстан халқына», «Қамқорлық қоры» қорларының, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен ашылып отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы аталған нысанға 176 млн теңге бағыттады. Қазақстан бойынша осындай барлығы 17 орталық жұмыс істейді. Келесі жылы Қызылорда мен Алматыда ерте араласу орталықтарын ашу жоспарланған.
«Самұрық-Қазына» оңалту орталықтарын 2019 жылдан бастап ашып келеді. Жаңа туған нәрестелердегі түрлі патологияларды ескере отырып, балалардың мүгедектігін болдырмау және төмендету мақсатында ерте араласу орталықтарын ашу жобасы басталды. Бүгінде еліміз бойынша 17 орталық ашылған. Серіктестеріміз – «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық қоры» қорларымен бірлесіп, аутизмі бар балаларға арналған орталықтарын іске қосуды жалғастырамыз. Бүгін болса Павлодар облысында Солнечный және Кенжекөл ауылдарында екі спорт кешенін аштық», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Қор қолдауымен Солнечный кентінде күрделі жөндеуден кейін дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Нысан заманауи стандарттарға сәйкес толығымен жаңартылды. Қасбеттік жабындар мен жылуы оқшаулауы ауыстырылды, жылыту және желдету жүйелері, бассейн жабдықтары жаңартылды. Сондай-ақ, ішкі бөлмелер жөнделіп, инженерлік желілер ауыстырылды. Кешен «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес кәсіпорны «Екібастұз ГРЭС-2» станциясына тиесілі. Ауылдағы ең ірі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде күн сайын 60-қа жуық адам жаттығады. Мұнда елдімекен халқының әлеуметтік осал топтарына және кәсіпорын қызметкерлері тегін айналысады. Жаңартылған кешен түрлі деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге қауқарлы.
Тағы бір ауылдық спорт кешені «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен Кенжекөл ауылында табысты жұмыс істеуде. Ауданы 1,7 мың ш.м. болатын кешен ауа тірек құрылысының негізінде салынған. Түрлі спорт түрлерімен айналысу үшін шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, күрес, теннис корты, екі жолақты жүгіру жолы жасалған. Ақпан айынан бастап 250-ден астам бала футбол, бокс, еркін күрес, дзюдо және қазақ күресі секцияларына қатысуда, сондай-ақ кешкі уақытта волейбол, үстел теннисі және футболдан ересектерге арналған жаттығулар өткізіледі. Келесі жылы грэпплинг және джиу-джитсу үйірмелерінің ашылуы жоспарланған. Кешен іске қосылған сәттен бастап 5 тәрбиеленуші еркін күрестен республикалық жарыстардың жеңімпазы, тағы 3 жас спортшы бокстан қалалық турнирлердің чемпиондары атанды. Соңғы бірнеше жылда Қор қолдауымен 13 заманауи спорт кешені және 30-ға жуық спорттық-ойын алаңы салынды.
Добавить комментарий