«Самұрық-Қазына» қоры Сыр өңіріне бірден 3 әлеуметтік нысанды тарту етті
01/10/2024
Бүгін компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk Kazyna Trust» КҚ қаржыландыруымен Қызылорда қаласында үстел теннисі орталығы ашылды. Сонымен қатар, Қордың демеушілігімен 900 орындық «Жайлы мектеп» пен Оқушылар сарайының тұсауы кесілді.
«Осылайша Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесе, өңірдегі Қор кәсіпорындарының белсенді атсалысуымен өскелең ұрпақтың дамып, шығармашылықпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуда. Аймақта білімді де спортпен айналысатын жастар саны көбейіп, еліміздің жаңа чемпиондары мен дарынды тұлғалары өсіп шығады деп сенеміз», - деп атап өтті ашылу рәсімдерінде «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Қор 900 миллин теңге сомасында демеушілік танытқан, Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген аумағы 3652 шаршы метр, 2 қабаттан тұратын жаңа заманауи орталықта 16 үстел теннисі болады және күніне 150 жергілікті тұрғын мен спортшыны қабылдай алмақ. Бұған дейін, аймақта ашық аспан астында үстел теннисімен кәсіби айналысу қолайсыздық тудырған.
3 мың шаршы метрді алып жатқан, Қор тобындағы «Қазгермұнай» компаниясы қаржыландырған Оқушылар сарайындағы сыныптар өнеркәсіптік дизайнды, роботехниканы және басқа да түрлі техникалық жаңалықтарды, жаңартылатын қуат көздерін зерделеуге арналған. Жылыжай мен қысқа бақ, би, музыка аспаптары бөлмелері бар.
Қор Қазақстан бойынша «Жайлы мектеп» жобасы аясында 208 мектептің құрылысын жоспарлауда. Бүгінде оның 18-і ашылды. Жыл соңына дейін тағы 58 білім ордасы пайдалануға беріледі. Қызылорда бойынша 10 жайлы мектептің бірі жоғарыдағы болып отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» КҚ арқылы жүзеге асып жатқан қайырымдылық қызметінде соңғы 5 жылда Қызылорда облысында 1,5 млрд теңгеден астам сомаға денсаулық сақтау, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және бұқаралық спорт бағыттарында 11 жоба іске қосылды. Мәселен, Қор қолдауының нәтижесінде, қазіргі кезде Қызылорда өңірінде оңалту орталығы, көпсалалы спорт кешені және бейімделген спорт топтары жұмыс істеп тұр.
Добавить комментарий