«Самұрық-Қазына» қоры қолдаған ерекше балалар паралимпиадалық құрамаға еніп жатыр

31/10/2023

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қаржылық қолдауымен Алматы облысында ашылған «All Ability Camp» инклюзивті спорттық  лагерінің 4 маусымы басталды. Лагерь жұмысының басты нәтижесі – еліміздің әр өңірінен келген балалардың бірқатары паралимпиадалық спорт түрлері бойынша құрама қатарына қосылып жатыр.

Инклюзивті лагерьде ерекше балалар бочча, спидбол, футбол, корнхол және садақ ату сияқты бейімдеу және паралимпиадалық спорт түрлерінен жаттығады. Психологтар мен еріктілер әлеуметтік ортаға бейімдеу бойынша тренингтер мен ойындар өткізеді. Сонымен бірге ата-аналар үшін психологиялық көмек және жеке консультациялар жүргізіледі.

«Мүмкіндігі шектеулі балалар жастайынан қоғамнан шет қалып жатады. Лагерьді айтпағанда түрлі секциялар да қолжетімсіз. Сондықтан осы инклюзивті лагерь балалардың психологиялық кедергілерін жойып, қоғамда бейімделуіне мүмкіндік ашады. Алдыңғы үш маусымымдағы балалардың бірқатары жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Осыған дейін тұйық боп жүргендері алғаш рет ашыла сөйлеп жүрсе, біразы параолимпиадалық спорт түрлері бойынша құрама қатарына қосылды», – дейді жоба бастамашысы «ДЦП Life» қорының директоры Зәуре Итенова.

Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған «All Ability Camp» спорттық лагерінің қорытынды маусымына Қазақстанның  әр өңірінен 50 ерекше бала мен олардың ата-аналары жолдама алып келді. Олардың тең жартысы  «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компаниялар қызметкерлерінің балалары.

«Өзім «Қазақстан темір жолы» компаниясында 20 жыл қызмет атқардым. Қызым да осы теміржол саласында Астана қаласында еңбек етуде. Сондықтан үйінде ерекше бала тәрбиелеп отырғандар үшін осындай лагерьдің маңызы зор. Әсіресе осы жобаны «Самұрық-Қазына» қоры қолдап, балалар мен ата-аналарға жағдай жасағаны үшін алғысым шексіз», – дейді Ләззат Сыздықова. 

«ДЦП Life» қоры ұйымдастырған «All Ability Camp» спорттық әрі инклюзивті лагерь биылғы жұмысын 19 маусымда бастады. 5 айдың ішінде еліміздің түрлі аймағынан 200 бала мен 200 ата-ана тегін демалыспен қамтылды.

Comments are closed.