ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Самұрық-Қазына» қоры көп балалы аналардың кәсіп бастауына гранттар берді

22/12/2023

Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Ақмола облысы бойынша «Табысты отбасы» жобасының бірінші лек түлектері өз ісін ашу мүмкіндігіне ие болды. 15 қатысушының әрқайсына құны 500 мың теңге болатын қажетті жабдықтар жиынтығы тапсырылды.

«Бұл жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне, аз қамтылған отбасыларға және жастарға арналған. «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен өткен жылы басталған «Табысты отбасы» жобасы бүгінде еліміздің бес облысында өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді. 300 адам оқудан өтіп, барлық түлекке қажетті құрал-жабдықтар берілді. Қазіргі кезде олар жоба операторының мұрындық болуымен өз ісін табысты дамытуда деп ойлаймыз. Ал бүгін Ақмола облысындағы жобаға қатысушылардың жаңа жыл қарсаңында осындай жетістікке жеткеніне қуаныштымын. 2024 жылы отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін», - деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Ақмола облысында жоба Степногорск қаласынан бастау алды. Бірінші лектегі 15 қатысушының ішінен 7 адам «SMM» бейіндік бағытын таңдаса, 3 қатысушы «Жартылай фабрикаттарды әзірлеу» бағытын таңдады және 5 қатысушы «Сұлулық индустриясы» бағыты бойынша шеберлік сабақтарынан өтуге шешім қабылдады. Барлық түлек оқуды сәтті аяқтады.

Данагүл Хасенова, бірінші лектің қатысушысы, көпбалалы ана: «SMM» бағытын таңдағаныма  өте қуаныштымын. Декреттік демалыста  бала тәрбиесімен айналыса жүріп, өзімді дамытып, жұмыс істеп, ақша тапқым келген еді. Жеке кәсіп ашу , өнімді жарнамалау  жолдарын үйрендік. Өзімізге сенімді бола бастадық. Мен сияқты қыз-келіншекке осындай мүмкіндік сыйлаған «Samruk-Kazyna Trust» қорына алғысымыз шексіз».

Айта кету керек, Ақмола облысы - жоба іске қосылған алтыншы өңір. Бұған дейін Ұлытау, Жетісу, Абай, сондай-ақ Ақтөбе және Түркістан облыстарында 300 қазақстандық оқудан өтті. Қатысушылар алған білімдері мен дағдыларының арқасында кондитерлік және тігін цехтарын, сұлулық салондарын ашу арқылы өз кәсіптерін кеңейтті. Қаржылай қолдауды «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры көрсетті.

Добавить комментарий