«Самұрық-Қазына» қоры ауылдық жерге 239 млн теңгенің спорт кешенін салып берді

15/03/2024

Қордың қайырымдылық істер марафоны аясында 15 наурыз – Қайырымдылық күні Қостанай облысы Денисовка ауылының тұрғындары «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобы атынан 1732,7 шаршы метрлік спорт кешенін сыйға еншіледі. Жаңа нысанда бірден жасөспірімдер арасында шағын футболдан облыстық ашық сайыс өткізілді.

Ауа-тірек құрылымындағы көпсалалы құрылым салауатты өмір салты секцияларын ұйымдастыруға және спорт шараларын өткізуге арналған. Мұнда волейбол, шағын футбол, бокс, күрес алаңдары жабдықталған және де үстел теннисін ойнауға, жеңіл атлетикамен айналысуға жағдай жасалған. Жүгіру жолағы бар.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мен «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева қатысып, балалармен, жергілікті тұрғындармен, ардагерлермен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали «Самұрық-Қазына» қорына биыл және өткен жылы еңселі спорт нысандарын салып, спорт инфрақұрылымын дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін өңір тұрғындары атынан алғысын білдірді. Еске салсақ, 2023 жылы алапат өрт орын алған  Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында Қор қолдауымен көлемі 1 мың ш.м. болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды.

 «Өңірлердегі қайырымдылық жобаларын қолдау қызметіміздің басым бағыттарының бірі болып табылады. Денисовка ауылындағы қажетті спорттық құрал-жабдықтары бар спорт секциялары мен алаңдарда мектеп оқушыларынан тыс тұрғындардың барлығы жаттыға алады. Өскелең ұрпақтың денсаулығы біздің балаларға жасайтын жағдайға тікелей байланысты. Осы спорт кешенінде көптеген чемпиондар өсіп шықсын деген ниеттеміз!», – деді «Samruk-Kazyna Trust» жетекшісі Альфия Адиева.

 «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы өткен 2023 жылы 7,2 млрд теңгеге 46 жоба қолдау тапса, оның ішінде 8 ірі спорт кешені іске қосылып, 26 әмбебап спорт алаңы салынды.

Comments are closed.