ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Самұрық-Қазына» қайырымдылық операторы 524 мың қазақстандыққа көмек көрсетті

18/10/2023

Әлеуметтік жобалардың шарапаты тигендердің қатарында балалар мен ауыл тұрғындары бар.  Бұл туралы Астанада өтіп жатқан   ХІ Азаматтық форум барысында «Самұрық Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trast» КҚ бас директоры Альфия Адиева айтты.

Пікір алмасу алаңында сөз сөйлеген әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басшысы, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ «Самұрық-Қазына» қорының жүйеқұраушы кәсіпорындары орналасқан аймақтарда халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға күш салып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосылуда.

«Биылғы қайырымдылық бюджетіміз өткен жылдағыдай -  10 млрд теңгені құрайды. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 9 айда жалпы 220 өтінім келіп түссе, олардың 79-ын Қамқоршылық кеңестің қарауына өткіздік. Ал 141 өтінім құжаттар көлемінің толық болмауына немесе дұрыс әзірленбеуіне байланысты кері қайтарылды. Нәтижесінде 5 миллиард 900 миллион теңгеге 64 жобаға мақұлданды», - деді Альфия Адиева.

Қайырымдылық қаражаты денсаулық сақтау, білім беру, халықтың неғұрлым әлеуметтік осал топтарын қолдау, өңірлерді кешенді өркендету, мәдениет және бұқаралық спорт салаларының дамуына бағытталуда.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруының арқасында бірқатар әлеуметтік бағыттағы үкіметтік емес ұйым аяғына тік тұрып, өз алдына дамуға мүмкіндік иеленгенін атап өткім келеді. Мәселен 2020-2022 жылдар аралығы 30 миллион теңгеден астам қаржылай көмекке ие болған «Инклюзия болашақ Атырау» қоғамдық ұйымы бүгінде тұрақты түрде аутизмі бар, сал ауруына шалдыққан, Даун сиднромы диагнозы қойылған 180-нен астам ерекше баланы қабылдауда. Өскемен қаласындағы «Ғажайыптар елі» оңалту орталығы бастапқыда 2021 жылы 3 миллион теңгелік грант аясында жабдықтар алса, 2023 жылы 20 миллион теңгеге инклюзивті балалар алаңын салып бердік. Мұнда 130-дан астам бала оңалтудан өтуде», - деді пікір алмасу сессиясына қатысқан «Samruk-Kazyna Trust» жетекшісі.

 «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігі болса, 2020 жылы Қордың 500 мың, 2021 жылы 3 миллион грантын еншілеп, 4 мүгедектігі бар адам еңбекпен қамтылған өндіріс арқылы Түркістан облысының тамақтану орындарын саңырауқұлақпен қамтамасыз етуде.

Инклюзивті қоғамды демеуге бағытталған «Қамқорлық» бастамасы аясында соңғы 3 жылда 15 оңалту және 11 ерте араласу орталығы ашылып, 29 мыңнан астам бала тегін оңалтумен қамтылды. Олардың 2362-сі алғашқы қадамын жасап, 3215 бүлдіршін өмірінде бірінше рет сөйлей бастады. Шымкент қаласы мен Павлодар, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында ашылған аутизм орталықтарының әрқайсысы 125 баладан қабылдауға қауқарлы.

Добавить комментарий