ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Самұрық-Қазына» Маңғыстау тұрғындарына 21 ойын алаңын тарту етті

14/03/2023

«Самұрық-Қазына» АҚ Наурыз мейрамы қарсаныңда балаларға тамаша тарту жасады. Бүгін Қордың 15 жылдығына орай және «Көрісу» мерекесінің бірінші күні өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының жас мамандары Маңғыстау облысы Жаңаөзен өңіріндегі 21 ойын алаңының алғашқы үшеуінің ашылу салтанатының құрметті қонағы болды.

Өткен жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қоры  Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылында жаңа да қауіпсіз, қазіргі заманға сай футбол, баскетбол, волейбол және басқа да спорт түрлеріне арналған балалар алаңдарының құрылысын бастаған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, алғашқылары Жаңаөзен қаласында іске қосылды.

Бұл жаңалық жаңаөзендік балаларды ғана емес, ересек тұрғындарды зор қуанышқа бөледі. Көлемі 1200 шаршы метрге дейінгі ойын алаңдары сапа жағынан барлық талаптарға сай келеді әрі орналасқан аумағының инфрақұрылымына көрік беріп тұр.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржыландыруымен салынып, пайдалануға беріліп отырған нысан жастар мен балалары үшін бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізіп, денсаулығын шынықтыратын таптырмас орын болмақ. Тұрғындардың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Енді осы жерді әркім, әсіресе ата-аналар жағы көзінің қарашығындай күтіп ұстаса екен», -  деді жаңаөзендік қоғам белсендісі, ҮЕҰ өкілі Рухия Қалдыбай.

«Самұрық-Қазына» қоры ұйымдастырған шараға қатысушы жастар өкілі ретінде «Samruk-Kazyna Trust» ашқан тамаша алаңға куә болып, мұнайшы жастар атынан алғыс айтамыз», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарасты «Oil Services Company» ЖШС қызметкері Әділет Мүтәлі.

Наурыз айының соңына дейін әрқайсының аумағы 400-ден 1200 шаршы метрге дейінгі тағы да 18 (барлығы Жетібай ауылында 6, Жаңаөзен қаласында 15) спорт алаңы қолданысқа тапсырылады. Аталмыш жобаға барша Қор компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры арқылы 1 мллрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

 «Самұрық-Қазына» қоры үшін қайырымдылық көмек көрсету кезінде жобалардың жүйелілігі және компаниялар тобының кәсіпорындары бар өңірлерді қамту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту маңызды болып табылады. Бүгінде тұсауы кесіліп жатқан және наурыз айының соңына дейін берілетін  спорт алаңдары тұтас қоғам игілігіне жарайды деген сенімдеміз», - деп халық үшін жобаның маңыздылығын атап өтті «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Жаңа алаңдардың тұсаукесер рәсіміне қала тұрғындары, қоғам белсенділері және жергілікті жүйеқұраушы мұнай саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

 «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылықтың бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры Жаңаөзен қаласында көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуде қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы жаңаөзендік мектептерді жаңа парталар жиынтығымен және интерактивті тақталармен жабдықтауға, оңалту орталығының, бейімделген спорт секциялары мен кешенінің ашылуына көмектесті. Бұл қаланың дамуына және балаларымыздың болашағына қосылған баға жетпес үлкен үлес. Әрі қарай да ынтымақтастығымыз тұрақты және табысты болады деп үміттенеміз», - деді өз сөзінде Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов.

Осылайша ақпан айында басталған «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Ынтымақ» жобасы еліміздің батысында жалғасын тапты. Жоба Қордың еңбек ұжымдарын «Samruk-Kazyna Trust» бірыңғай операторы компаниялар тобының атынан жүзеге асыратын қайырымдылық қызметімен біртіндеп таныстыруға бағытталған.

 2022 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы  бір ғана Маңғыстау өңірінде 1,8 млрд теңге сомаға 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.

Добавить комментарий