«Самұрық-Қазына» АҚ СҚО Саумалкөл ауылының тұрғындарына құны 228,3 млн теңге болатын жаңа спорт кешенін тарту етті

08/09/2022

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының тұрғындары «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан 1400 шаршы метрлік жаңа спорт кешенін сыйға алды. Нысан салауатты өмір салты секцияларын ұйымдастыруға және спорт шараларын өткізуге арналған. Мұнда волейбол, шағын футбол, баскетбол, workout, streetball алаңдары жабдықталған және де теннис корты, күрес алаңы, жаттығуға арналған аймақ, екі жолақты жүгіру жолы бар. Сондай-ақ көрермендерге арналған орындар, киім шешетін бөлмелер, санитарлық тораптар мен техникалық жайлар қарастырылған.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева қатысты.

«Самұрық-Қазына» қорының басшылығына осы жобаны өңірімізде жүзеге асырғаны үшін алғысымды білдіремін. Айыртау ауданында тұрғындар жыл бойы спортпен шұғылданатын тағы бір спорт нысаны пайда болды. Президенттің тапсырмасы бойынша облыста спорттық инфрақұрылым дамып келеді. Бүгінгі таңда 6 спорт кешені ашылып, тағы 4-інің құрылысы жүріп жатыр, оның бірі Саумалкөлде. Сондай-ақ, солтүстік өңір – болашақ хоккей жұлдыздарын тәрбиелейтін тамаша жер. Облыста қазірдің өзінде 6 хоккей корты ашылды, тағы екі кешен салып жатырмыз», - деп атап өтті Құмар Іргебайұлы.

Көпсалалы спорт кешенін «Айыртау ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ қарамағына беру жоспарлануда. Енді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қажетті спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған заманауи алаңдарда жаттыға алады. Жас спортшылардан басқа, спорт секцияларында, өзге де ниет білдірушілер айналыса алады.

«Өңірлердегі қайырымдылық жобаларын қолдау «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметіндегі басым бағыт болып табылады. Өскелең ұрпақтың денсаулығы біздің балаларымыздың даму жағдайына тікелей байланысты. Әрбір жоба арқылы біз олардың болашағына арқау болатын сапалы білім берумен қатар, әлеуметтік ортаны жақсартуға күш саламыз. Осы спорт кешенінде көптеген чемпиондар өсіп шықсын деген ақ ниеттеміз!», - деді Альфия Дәулетқалиқызы.

«Ауа-тірек ғимарат базасында көпсалалы спорт кешенін салу» жобасы «Samruk-Kazyna Trust» қорының бастама танытқан жобасы болып табылады. Жобаның бюджеті 228,3 миллион теңгені құрады.

Comments are closed.