«Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен 500-ден астам педагог ерекше балалармен жұмыс істеуде
17/01/2025

Инклюзивті білім беру ортасын құру мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры 500-ден астам маманның біліктілігін арттырып, қайта даярлады. Бұл жоба инклюзия кабинеттерін ашу, оларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және педагогтарды жүйелі түрде қолдауды қамтиды.

2024 жылы Астанада осындай 10 кабинет ашылды. Сыныптарда балаларды оқыту, терапия және дамыту үшін қажетті құралдар бар. Әр кабинетте логопедтер, дефектологтар, психологтар сияқты мамандар жұмыс істейді. Оқу қолжетімді, ыңғайлы және тиімді болуы үшін кеңістіктер сенсорлық бөлмелермен, шеберханалармен және тренажерлармен жабдықталған.

Өткен жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында елордалық мамандар 12 курстан тұратын, жалпы ұзақтығы 126 сағатты құрайтын арнайы оқытудан өтті. Жыл бойы әдістемелік қолдау мен оқытуға 20 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама оқу материалдарын бейімдеу, сенсорлық технологияларды қолдану, ата-аналармен жұмыс істеу және қолайлы білім беру ортасын құруды қамтып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге даярлады.

«Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорының бастамасының нәтижесі айтарлықтай. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының краудфандинг арқылы жиналған 154 миллион теңгеге кабинеттерді жабдықтап қана қоймай, жобаны әрі қарай дамытудың негізі қаланды. Алдағы уақытта инклюзия кабинеттерінің саны артып, ерекше балаларды қолдау аясы ұлғаятын болады.
Добавить комментарий