«Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен 200-ден астам азамат кәсіп ашып, жұмысқа тұрды

29/02/2024

«Табысты отбасы» жобасы аясында Ұлытау, Жетісу, Абай, Ақтөбе, Түркістан және Ақмола облыстарының 350 тұрғыны сұранысқа ие мамандықтарды меңгерді. Бүгінде олардың 200-ден астамы құрал-жабдық түрінде берілген гранттың арқасында кәсіп ашты. Басым бөлігі үй жағдайында бизнес бастап, бірқатары тігін цехы, аспазхана, сұлулық салондарының иесі атанды. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары тобының бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылып отыр.

Осы аптада Ақмола облысының Көкшетау қаласында 35 қатысушы оқуды аяқтап, жабдық түріндегі грантқа ие болды. Өткен жылдың желтоқсанында аталмыш грант Степногорск қаласының 15 азаматына берілді. Жобаға көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелері, жалғызбасты аналар мен әкелер, ерекше баласы бар отбасылар және NEET санатындағы жастар қатысты. Бір ай ішінде олар қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша трансформациялық шеберлік, консультациялар мен тренингтерден өтті. Енді болашақ дәнекерлеушілер, автомеханиктер, әлеуметтік желі (SMM) менеджерлері, аспаздар мен сұлулық мамандары құрал-жабдық түріндегі гранттың арқасында өз кәсібін ашып немесе кеңейте алады.

       «Жоба қысқамерзімді оқыту ғана емес, әрбір қатысушының кәсіби дамуына салынған ұзақмерзімді инвестициямыз. Себебі, жаңа мамандықты игеріп қана қоймай, оны ары қарай дөңгелету үшін қажетті құрал-жабдық беріліп отыр. Сондықтан жоба азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, кәсіби біліктлігін көтеру, бизнесті дамыту, жұмыспен қамту сынды бірнеше міндеттерді шешіп отыр» – деді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Жоба қатысушыларының бірі – көпбалалы әке Рахат Мұхамеджанов.

 «Еңбек етсең емерсің демекші, аз уақыт ішінде жаңа мамандық иесі атандым. Қажетті білім алып, жеке істі дамытудың жолдарын үйрендік. Қазір кішігірім бизнес ашуға талпынып отырмын. Осындай нақты мүмкіндік үшін «Samruk-Kazyna Trust» қорына алғыс айтамын», – деп атап өтті жоба қатысушысы, көп балалы әке Рахат Мұхамеджанов.

Comments are closed.