«SAMRUK BALA CUP» хоккей турнирі 900 ауыл баласының арманын орындады
01/04/2024
Астанада жас хоккейшілердің басын қосқан ауыл командалары арасындағы республикалық турнирдің 3-кезеңі мәресіне жетті.
29-31 наурыз аралығындағы спорт шарасына Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Ақтөбе облыстарынан, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларынан 300 баланың қатысуымен 24 команда жарысты. Олардың басым көпшілігі алғаш рет осындай республикалық деңгейде ірі спорт кешенінде өнер көрсетті. Жас спортшылардың қатарында Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Бұған дейін де 600 баланың қатысуымен екі бірдей республикалық турнир өткізілді.
Турнирдің марапаттау рәсіміне «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев қатысып, жүлделі 1, 2 және 3 орын жеңімпаздарын марапаттады.
Нәтижесінде 1 орынды – Ақмола облысы Целиноград ауданының «Родина» командасы, 2 орынды – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының «Ұлан» командасы және 3 орынды – Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданының «Максимовка» командасы жеңіп алды.
«Қор әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда ауылдық аймақтарды қолдауға ерекше мән береді. Спорт саласында өңірлердегі инфрақұрылымдарды дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жобаларымыз бар. 9 ірі спорт кешені мен 26 әмбебап ойын-спорт алаңы қолданысқа берілді. Жақында Абай және Павлодар облыстарында спорт кешендері халық игілігіне беріліп, Шығыс Қазақстан облысындағы екі шекаралас аймақта екі спорт алаңының құрылысы басталады. Балалар хоккейін дамытуға арналған бүгінгі жоба 900-ге тарта жас спортшыға осындай жоғары деңгейде алғаш рет өнер көрсетуіне, өңірлерде хоккейдің дамуына жаңа мүмкіндік беріп отыр», – деп атап өтті Досбол Көшербаев.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ атынан қатысқан әр командаға хоккей жабдықтарын алуға 250 000 теңгеге сертификаттар табысталды.
Турнир «Самұрық-Қазынаның» қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен «Altyn shaibaly» жобасы аясында үшінші рет өткізіліп отыр. Осылайша бұл 900 бала қатысқан еліміздегі ең ірі турнирлердің бірі атанды.
Добавить комментарий