«Саламатты Қазақстан» пойызы медициналық инфрақұрылымы жоқ 123 ауылға барады
20/05/2025

Медициналық инфрақұрылымы жоқ ауылдық жерлерде тұратын 90 мыңнан астам қазақстандық дәрігерлерден білікті көмек, сондай-ақ заңгерлер мен медиаторлардан кеңес алады. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің шалғай өңірлері бойынша кезекті сапарына шықты.
Пойыз елордалық «Нұрлы жол» станциясынан елдің батысына қарай бағыт алды. Салтанатты шығарып салу рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері мен қоғам өкілдері қатысты.
Алты ай ішінде «рельстегі емхана» 21 000 шақырымнан астам жол жүреді. Маршрут Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Тұрыш ауылынан басталады – бұл 123 жоспарланған аялдаманың алғашқысы.
Әрбір елді мекенде пойыз бір-екі күнге аялдайды, осы уақытта дәрігерлер, медиаторлар мен заңгерлер тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, пойыз бармайтын көрші ауылдардың тұрғындарын да толықтай қабылдап, кеңес бере алады.

Қабылдауды түрлі бағыттағы 30 маман жүргізеді: терапевт, хирург-травматолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, оториноларинголог, невропатолог, педиатр, акушер-гинеколог, офтальмолог, уролог, стоматолог-терапевт, рентгенолог, функционалды диагностика дәрігері және психолог. Дәрігерлер тек кеңес беріп, ем тағайындап қана қоймай, қажет болған жағдайда жеңіл операциялар да жасайды. Бұл үшін пойызда барлық санитарлық жағдай, заманауи жабдықтар мен диагностикалық аппараттар қарастырылған. Көмекке кез келген азамат жүгіне алады, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың болуы шарт емес.
Медициналық вагондарда сондай-ақ қанның жалпы және биохимиялық талдауы, флюорография, ультрадыбыстық зерттеу, гастроэнтероскопия, электрокардиограмма және басқа да диагностикалық процедуралар қолжетімді.
Пойызда заңгерлер мен медиаторлар да қызмет көрсетеді. Олар азаматтарға әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Ауыл тұрғындары еңбек дауларын шешу, мемлекеттік әлеуметтік төлемдерге өтініш беру, сот істерін жүргізу бойынша кеңес алу үшін мамандарға жүгіне алады.
Бұл әлеуметтік жоба 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 800 мыңнан астам қазақстандық дәрігерлерден көмек алды, ал жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен хирургтар шамамен 37 мың операция жасады. Ем алған әр бесінші пациент – бала.
Медициналық пойыз ауыл тұрғындарының өміріндегі халықтық әрі асыға күтетін оқиғаға айналды.
«Біз бірнеше жылдан бері отбасымызбен медициналық пойыздың дәрігерлеріне жүгінеміз. Ата-анам мен балаларымның барлық маманнан міндетті түрде тексеруден өтуін қадағалаймын. Біздің ауылдан ең жақын емхана 130 шақырым жерде орналасқан, сондықтан пойыздың келуі – сапалы медициналық көмек алудың тамаша мүмкіндігі», – деді Ақтөбе облысы Қарашоқат ауылындағы балабақша тәрбиешісі Манаш Кенжебаева.

Пойыздың маршруты мен жұмысын ұйымдастыруды «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қамтамасыз етеді. Жабдықтау, медициналық сүйемелдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауапты. Заңгерлік қолдау мен медиаторлардың көмегін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұсынады.
Айта кетейік, өткен жылы ғана «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері 104 250 қазақстандыққа тегін медициналық көмек көрсетіп, 7600 операция жасады.
Медициналық пойыздың өзекті қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.
Добавить комментарий