«Саламатты Қазақстан» пойызы 8 айдың ішінде 100 000-ға жуық ауыл тұрғынына тегін көмек көрсетті
06/12/2023
«Медициналық пойыздар» жобасы аясында «Саламатты Қазақстан» пойызы биылғы сапарын cәтті аяқтады. Жобаның мақсаты – елімізде шалғайда орналасқан елдімекен тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету.
«Біз үшін бұл жобаның маңызы зор. Өйткені осының арқасында халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туады. Оның үстіне биыл бұған дейінгі сұранысқа сәйкес, пойыздағы мамандар құрамына алғаш рет ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұсынысымен медиатор мен заңгер қосылды», - деп атап өтті жобаның бас серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысына 2023 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 590 млн теңге қаржы бөлінді. Пойыз 8 айдың ішінде Алматы, Жетісу, ШҚО, Абай, Павлодар, Ақмола, СҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл сынды барлық 17 облыстағы 121 шалғай станцияны қамтыды. Осылайша орташа алғанда пойыз 18 мың шақырымға жуық жол жүріп, 88 994 қазақстандықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосты. Оның ішінде 19 222-сі бала. 194 953 кеңес беріліп, 11 308 астам шағын ота жасалды.
Аталған іске биыл сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры, ақпараттық серіктес – «Jibek Joly» телеарнасы атсалысты.
Жоба дәрігерлері орташа алғанда әр станцияға 2 күн тоқтап, ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті. Зертханалық әдістерді қолдана отырып науқастарды тексерді. Қажет болған жағдайда шағын операциялар жүргізді, жоспарлы емдеуге жолдама берді.
Өкінішке орай, кейбір ауылдарда фельдшерлерден басқа мамандар жетіспейді. Сондықтан ауыл тұрғындары флюорография немесе талдама жасату үшін ондаған шақырым жол жүреді, ақшалай шығынға ұшырайды. Көбіне дәрігерге қаралуға мүмкіндік болмағандықтан, адамдар ұзақ жылдар бойы емделмей жүріп, ауруын асқындырып алады. Тіпті пойыз дәрігерлері күндізгі негізгі қабылдаулардан соң кешке төсекке таңылған сырқаттардың үйіне барып, ем көрсетуге тырысты.
«Сөзімізге дәлел, тұрғындарды тексеру кезінде қант диабеті, глаукома, липома, артроз, созылмалы холецистит, созылмалы панкреатит, бүйректің және аналық бездердің кисталары, туа біткен жүрек ақауы, жүрекшелер қалқасының ақауы аурулары кеңінен таралғаны байқалды. Онкологиялық аурулардан бөлек, тағы жиі кездесетін дерттер – бронхит, пневмония, гастрит болуда. Тұрғындардың арасында невропатолог, хирург, көз, құлақ және мұрын дәрігерлеріне сұраныс көп болды», - деп жеткізді пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева.
Ұлттық комиссия өкілі, заңгер-медиатор, Халықаралық медиация инстиутытының басшысы Жанар Үсіпбекованың мәліметінше, медициналық пойыз ел аралаған 8 айдың ішінде 9802 адамға ақысыз құқықтық және медиативтік, яғни татуластыру көмегін көрсетті. Бұл тұста 5031 азаматқа заңгерлік, тараптарды сотқа дейін татуластыруда 3415 кеңес берілген. 475 келісімге қол қою арқылы азаматтарды мазалаған даулар шешімін тапса, жергілікті атқарушы органдар орындаған істер саны 881-ді құраған.
«Саламатты Қазақстан» пойыз құрамы толықтай жапон және неміс медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталды. Қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлері жүргізілді.
«Мен пойыз ұжымына, ондағы дәрігерлерге, Ұлттық комиссия өкілдеріне алғысымды білдіргім келіп отыр. Ақжолтай құрамның арқасында көптеген ел тұрғындары тегін әрі сапалы медициналық және әлеуметтік-құқықтық көмек алып, өмір сүру сапасын жоғарылатуда. Жоба алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, осы кезең ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздар Қазақстанның шалғайда орналасқан 2 мыңға жуық елдімекенін аралап, 650 мыңнан астам тұрғынды тексеруден өткізді. 3,5 миллионнан астам диагностикалық ем-шара, 26 мыңнан аса кіші амбулаториялық операциялар жасалды», - деп қорытындылады «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Анықтама: Медициналық персоналдың құрамы әртүрлі бейіндегі терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, көз дәрігері, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог сынды білікті 35 маманнан тұрды. Жалпы тәжірибе дәрігеріне, терапевт пен педиатрға 35068, хирург маманға 24620, уролог пен невропатологқа тиісінше 23214 және 26536 адам жүгінсе, көз дәрігеріне 33071, құлақ пен тамақ, мұрын сырқаттарымен 27162 науқас доңғалақ үстіндегі емханаға қаралды. Тіс дәрігері 21066, кардиолог 16377 және акушер-гинеколог 8489 қазақстандықтың денсаулық жағдайын жақсартуға күш салса, 15808 адам ЭКГ қызметін, УДЗ 30842, ФЛГ 3120, ЭхоКГ 13926 адам қолданды. Психолог көмегін 56 тұрғын пайдаланды.
Добавить комментарий