«Саламатты Қазақстан» медпойызының заңгері 10 минут ішінде алданған зейнеткерге 15 млн теңге қайтаруға көмектесті
18/07/2024
Ұлттық комиссия бастамасымен пойыз құрамындағы медиатор мен заңгер жергілікті тұрғындардың құқықтық және еңбек дауларын шешуге күш салып, 1571 өтінішті қарады. Мамандар көптеген мәселелерді кеңес беру барысында сол тұрғылықты жерде жедел шеше алды.
Мәселен, заңгер Айшат Ғаббасова алаяқтықтың құрбаны болған Деркөл ауылының 71 жастағы зейнеткердің мәселесінің оң шешімін тапты. Ақсақал брокерлердің жоғары табыс туралы күмәнді уәделеріне сеніп, бар қаражатын аударған. Медициналық пойыздың келгенін естіген зейнеткер бірден маманға жүгінді. Заңгер қаражатты иемденген компаниямен сөйлесіп, заң талаптарын түсіндірді. Нәтижесінде 10 минуттан соң, зейнеткердің 14 983 949 теңгесі кері қайтарылды. Тұрғын заңгерге жоғары кәсібилігі мен көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Мамандар Чапаев кентінің тұрғынына да қолдау көрсетті. Жұмыс берушісі қызметкерінің атына 7,6 млн теңгеге жанармай сатып алған. Алайда қарызды қайтаруға асықпаған. Медиатор Салтанат Жапарова компания басшысымен келіссөздер ұйымдастырып, нәтижесінде соманы қайтару туралы келісімге қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, денсаулық керуені Қостанай облысының 10-нан астам станциясында тоқтап, тұрғындарға тегін медициналық және заңгерлік көмек көрсетеді.
Қабылдау 09:00-ден 18:00-ге дейін, түскі үзіліс 13:00-ден 14:00-ге дейін өтеді. Қабылдау үшін жеке куәліктің болуы жеткілікті.
Жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ынтымақтастығымен іске асырылуда.
Добавить комментарий