ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Республика күні қарсаңында «Самұрық-Қазына» қоры жаңа оңалту орталығын ашты

22/10/2024

Жыл сайын 125 ерекше баланы ақысыз қабылдайтын мекемені, Республика күні қарсаңында, «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан халқына» ҚҚ, «Қамқорлық» КҚ және облыс әкімдігімен бірлесе іске қосты. Орталыққа заман талабына сай озық құрал-жабдық қойылды.

Аутизмі және басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр, 171Б мекенжайында орналасқан.

Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдап, дамыту шаралары мен оңалтуды ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік және күнделікті бейімделу дағдыларын қамтамасыз етеді. Мұнда оларға тұрмыстық әдеттер: төсек-орын, дастархан жинау, киім үтіктеу, ыдыс жуу, сонымен қатар тамақ дайындау үйретіледі. Бұл балалардың жан-жақты жетілуіне және дербес әрекет ете білуіне көмектеседі.

«Ерекше бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтардың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету»,– деді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Жеткіншектерге ағаш ұстасы, қыш және тігін шеберханаларында дәрістер қарастырылып, осы арқылы ерекше өскелең ұрпақ өкілдері болашақта өзін асырауға көмектесетін қолөнер түрлерін меңгереді. Сондай-ақ, орталықта адамдармен көз түйістіріп, тікелей араласудан қашқақтайтын балаларға робот терапиясы қолданылады. Бұдан тыс, балалардың дамуына ғана емес, әлеуметтенуіне де септігін тигізетін, олардың қоғаммен етене араласып, толыққанды өмір сүруіне көмектесетін лего-терапия, арт-терапия және музыкалық терапия сабақтары ұсынылады.

Қор демеушілігімен инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық» бастамасы аясында соңғы үш жылда 43 орталығы қолданысқа берілсе, оның ішінде қазіргі заманғы құрал-жабдықпен жабдықталған жетінші аутизм орталығы Шымкент қаласы мен Павлодар, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан соң биыл Қостанай өңірінен соң Ақтөбе қаласында ашылды.

Ақтөбеде тиісті орталықтан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобының бірыңғай қайырымдылық операторы  - «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен оңалту және ерте араласу орталықтары жұмыс істеп, әрқайсы жылына 600 баладан қамтуда. Оларда бүгінде 1994 бала қабылданып, 153-і тәй-тәй басып, алғашқы қадамын жасаса, ал 331-і бірінші сөзін айтты.

Атап өткен жөн, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ Ақтөбе облысындағы қайырымдылық қызметі аясында 2020-2023 жылдар аралығында жалпы сомасы 1,56 млрд теңгеге 18 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

Добавить комментарий