Қостанайда ерекше балаларға арналған орталық ашылды

28/02/2024

Жыл сайын 200-ге тарта ерекше баланы қабылдай алады.

Аутизмі және басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы Пушкин көшесі, 179 мекенжайында орналасқан. Мұнда 1,5-тен 18 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына да қолдау көрсетіледі. Ава-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және емдік-дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопед, психолог және дефектолог кабинеттері жұмыс істейді.

Қор демеушілігімен бүгінде инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық» бастамасы аясында соңғы 3 жылда 15 оңалту және 16 ерте араласу орталығы қолданысқа берілсе, қазіргі заманғы құрал-жабдықпен жабдықталған алтыншы аутизм орталығы Шымкент қаласы мен Павлодар, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан соң биыл алғаш рет Қостанай өңірінде ашылды.

 «Ерекше бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтардың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету. Осылайша бүгін 37-ші оңалту орталығының тұсауын кессек, алдағы уақытта өңірлерде тағы да алтауы пайда болады»,– деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Осыған дейін аймақтың Рудный қаласында да Қор қолдауымен жыл сайын сал ауруына ұшыраған және нейро-ортопедия бұзылыстары бар 600 баланы қамтуға тиіс оңалту орталығы іске қосылған болатын.

Айта кетейік, аутизмі бар балаларға арналған орталықтарды ашу жобасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» және «Қазақстан халқына» қорлары орталықты материалдық-техникалық жабдықтауын қаржыландырды, «Қамқорлық қоры» мамандарды оқытуды жүргізді, Қостанай облысының әкімдігі инфрақұрылымды іріктеу және ғимаратты жөндеуді қаржыландырды.

Comments are closed.