Қазақстандықтар медпойызға отбасымен қаралуда
25/07/2023
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 2023 жылдың 25 шілдесінен 9 тамызына дейін Қарағанды облысының сегіз станциясында болады.
Пойыз Аршалы қаласына 25 шілдеде (келу уақыты 02.44), 27 шілдеде (01.36) – Көкпекті, 28 шілдеде (01.52) – Ащысу, 30 шілдеде (04.42) – Бүркітті, 1 тамызда (09.55) – Босаға, 2 тамызда (22.36) – Киікті, 5 тамызда (02.01) – Көктіңкөлі және 7 тамыз (00.05) – Рзд 69 км бекеттеріне аялдайды.
Дәрігерлер тұрғындарды сағат 9-дан 18.00-ге дейін (13.00-ден 14.00 түскі үзіліс) дейін қабылдайды.
Соңғы аптада, яғни 17-23 шілде аралығы болса, денсаулық керуеніндегі медицина қызметкерлері 2770 науқасты, оның ішінде 170 баланы қабылдап үлгерді.
- Біз үшін бұл, жасыратыны жоқ, үлкен қолдау және өмірлік маңызды көмек. Мысалы, біз отбасымызбен әр дәрігердің алдынан өттік. Күйеуімнің тісі бұрыннан ауыратын. Оны емдеу үшін қалаға бір бара алмай қойды. Ақ халатты абзал жандар жолдасымның тісін емдеуден тыс, жүрегін де тексеріп, әрі қарай жолдама берді. Маған да ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, жолдама берілді, көзімді тексерді. Балалар барлық қажетті маманға қаралды. Біз өте ризамыз және алғысымыз зор, - дейді Приишимская станциясының тұрғыны Анна Гребнюк.
Пойыздың медициналық құрамына терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, медбикелер, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог сынды мамандар кіреді. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен пойыз жұмысына алғаш рет азаматтарға психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмегін көрсететін кәсіби психолог, медиатор және заңгер тартылды. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқықтарын қорғау, зейнетақылар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңестер қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» және ақпараттық серіктес – «Jibek Joly» телеарнасымен ынтымақтастықта іске асыруда.
Добавить комментарий