Қазақстан бойынша 8 аутизм орталығының алғашқысы Шымкентте ашылды

03/04/2023

Елімізде «Самұрық-Қазына» АҚ «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 8 орталық ашылып, 1000 баланың еміне жағдай жасалады. Олардың алғашқысы бүгін Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күніне орай Шымкент қаласында қолданысқа берілді.

Жыл сайын мұнда 1,5-тен 18 жасқа дейінгі 125 бала мамандардың көмегін тегін ала алып, олардың ата-аналарына қолдау көрсетіледі. Орталықта ава-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделгіш және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопедпен, психологпен және дефектологпен сабақтары қарастырылған.

Орталық қызметкерлері аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларды оңалту саласындағы отандық және шетелдік сарапшылардың курстары арқылы және тренингтері мен көшпелі семинарларын қамтитын арнайы әзірленген бағдарлама шеңберінде оқудан өтті.

Салтанатты ашылу шарасына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері қатысты.

 «Аутизмі бар бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтың маңыздылығы зор. «Қамқорлық» орталығы «Самұрық-Қазына»  және «Қазақстан халқына» қорларының  ынтымақтастығының арқасында  ең замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жерде жоғары деңгейде дайындалған мамандар балаларға көмек көрсетеді. Бірлескен еңбегімізді ата-аналар тарапы лайықты бағалайды деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз - елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, Шымкентте аутизм спектрі бұзылған 220-дан астам бала тіркелген. Аутизм ең алдымен әлеуметтік өзара әрекеттесу тұрғысынан қиындықтармен, оқытудың ерекше тәсілдеріне мұқтаждықпен және сезім мүшелерінің ақпаратты өңдеудің өзгеше әдісімен сипатталады.

«Қазіргі таңда аутизм спектрі бұзылған балалар тәрбиелеудегі ата-аналарға мамандардың көмегі қолжетімсіз немесе қалтасы көтермейді. «Қамқорлық» орталықтарының ашылуы аутизмнің ауыр түрлерімен ауыратын балаларға олар тұратын жерде ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларына осындай маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріне алғысымызды айтамыз», - деп атап өтті«Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры  Арайлым Еркінова.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 1 млрд 215 млн теңге бөлінген орталықтар жыл соңына дейін Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Жетісу облыстарында және Алматы қаласында ашылады.

Comments are closed.