ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Мүгедектігі бар жастарға арналған оқу лагері басталды

17/07/2024

Бүгін Астанада «OrleTECH 3.0» қайырымдылық жобасы аясында мүгедектігі бар жастарға арналған оқу лагері басталды. Лагерьдің ашылуына «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, «Шелл Қазақстан» компаниясының коммерциялық мәселелер жөніндегі бас директоры Ку Валари қатысты.

Жобаға қатысушылар үш бағыт бойынша цифрлық мамандықтарға оқытылады: No code әзірлеу, UX/UI дизайны және AI маманы. Сонымен қатар, оларға жұмыс табуға көмек көрсетіледі. Оқыту қазақ, орыс және ымдау тілдерінде жүргізіледі. Жобаға қатысуға Қазақстан бойынша 1500-ден астам өтінім келіп түссе, оның ішінде әңгімелесу нәтижесінде 18 бен 35 жас аралығындағы 180 адам таңдалды. Көпшілігі әртүрлі мүгедектігі бар студенттер.

«Ерекше қажеттіліктері бар жастарды жастарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналасуға көмектесу өте маңызды. Жыл басынан бері 100-ден астам адам Қор тобындағы компанияларға жұмысқа орналасты. Бұл жұмысты одан әрі белсенді түрде жалғастырамыз. Қор әрбір адам өзінің кәсіби әлеуетін аша алатын инклюзивті және қолдау көрсететін ортаны құруға ұмтылады. Ерекше адамдарды digital мамандықтарына оқыту жобасы – «Самұрық-Қазына» қорының Қазақстанның болашағы инклюзивті, технологиялық, тең болып, баршаға бірдей мүмкіндіктерге толы екендігінің жарқын үлгісі», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов.

Бүгін басталған екікүндік жұмсақ дағдыларды, яғни soft skills дамыту лагері оқытудың алғашқы қадамы саналады және табысты кәсіби қызмет үшін қажет коммуникативті дағдыларды, көшбасшылық қасиеттерді, эмоционалды сананы және басқа да негізгі құзыреттерді дамытуға арналған қарқынды бағдарламалар легін ұсынады. Лагерь тек Астана өтпейді. Шілде айының соңында оңтүстік астанада өзге өңірлердегі қатысушылар бас қосады.

Әрі қарай қатысушылар ағымдағы жылдың қараша айына дейін жалғасатын онлайн оқытуға кіріседі. Бұдан тыс, оқу барысында тренингке қатысушылар түйіндеме жазу, онлайн жұмыс іздеу платформаларымен жұмыс істеу және сұхбатқа дайындалу бойынша ақыл-кеңеске ие болады.

Айта кеткен абзал, «OrleTECH 3.0» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Шелл Қазақстан» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда.

Добавить комментарий