Медициналық пойыз Қостанай облысында жұмысын бастады
18/07/2024
«Саламатты Қазақстан» пойызындағы тегін медициналық-құқықтық қызметпен өңірдегі 10-нан астам бекет қамтылады. Денсаулық керуені Қостанай облысындағы жұмысын 24 шілде мен 8 тамыз аралығы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына соға отырып, 14 тамыз Терісаққан станциясында аяқтайды.
18 шілде болса, жоба демеушілері тарапынан пойыз қасында Денисовка станциясы мен олардың маңайындағы ауылдар халқына республикалық деңгейдегі өнер қайраткерлерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылады.
Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында болды. Нәтижесінде доңғалақ үстіндегі емханаға 27091 адам қаралды. Оның ішінде 8837-сі – бала. Дәрігерлер еңбегінен тыс, жылжымалы құрамдағы медиатор мен заңгер 1571 арызды қарастырып, жергілікті тұрғындардың құқықтық, еңбек дауларын шешуге күш салды.
Пойыз вагондарында қабылдау 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.
«Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы үнемі аудан орталығына бара алмайды. Оның үстіне биыл, баршаңызға белгілі, бірқатар өңірді су алып, қиындық туындады. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздеріне де мамандардан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі бар. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті шағын оталар жасау жағы қарастырылған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Медпойыздың жұмысымен кеңінен таныстыру мақсатында БАҚ пен қоғам өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры ұйымдастырылды. Ал станция және жақын маңдағы ауыл тұрғындары үшін қайырымдылық концерт өтті.
Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.
Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.
Добавить комментарий