ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Медициналық пойыз Ақтөбе облысындағы алғашқы жұмыс аптасын аяқтады

25/06/2024

Өткен аптада денсаулық керуеніндегі медицина қызметкерлері 2911 адамға тегін қызмет көрсетсе, олардың 861-і бала болып отыр. Медпойыз 17 маусымнан бері өңірдегі Ноғайты, Шұбарқұдық, Қарашоқат, Бегімбет станцияларында болды. Бүгін, яғни 24 маусым Қотыртас бекетіне аялдады.

Ақжолтай құрам 28 маусымға дейін Мұғалжар пен Мәртөк және олардың маңайындағы ауылдардың тұрғындарын қамтыған соң, Батыс Қазақстан облысына аттанады.

          Жалпы, «Саламатты Қазақстан» кеңес беру-диагностикалық пойызы 2024 жылдың мамыр айының басынан бері Маңғыстау және Атырау облыстарының шалғай бекеттерін аралады. Нәтижесінде 17113 қазақстандық, оның ішінде 6940 бала ақысыз медициналық жәрдемге қол жеткізді. Құқықтық тұрғыда 1113 арыз қарастырылса, оның ішінде өткен апта жүгінгендер саны 52-ні межелеуде.

Доңғалақ үстіндегі емханадағы дәрігерлер мен әлеуметтік құқық мамандары күнделікті 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында қабылдайды. Тұрғындарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.

«Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы әр уақытта аудан орталығына бара алмайды. Оның үстіне биыл, баршаңызға белгілі, бірқатар өңірді су алып, қиындық туындады. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздерінің де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі бар. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті адамдарға шағын оталар жасау қарастырылған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Альфия Адиева.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Әлеуметтік жоба  ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда

Добавить комментарий