ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Медициналық поезд сапарға аттанды: еліміздің шалғай аудандарына – тегін медициналық көмек

26/04/2023

Қазақстанда басталған «Медициналық пойыз» жобасы аясында еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіледі. Биыл дәрігерлер қатарына медиатор мен заңгер мамандары қосылды. Осылайша 75 мыңға жуық ауыл тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін алады деп күтілуде.

Бүгін Алматы-2 станциясынан салтанатты түрде жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» пойызы, ағымдағы жылдың 6 желтоқсанына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 120-дан астам станцияны қамтитын болады.  Шараға дәрігерлер мен теміржолшылар, ардагерлер, өнер қайраткерлері, БАҚ және басқа да тараптар қатысты.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен ынтымақтастықта іске асырады.

«Самұрық-Қазына» АҚ қолдауының арқасында денсаулық пойыздарының шалғай станциялардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетуі игі дәстүрге айналды. Тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша 150-ге жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін алып, оның ішінде 21 867-сі бала болды. Бұл ретте 5 097 адамға шағын ота жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. Барлығы науқастардың дәрігерлерге қаралу саны 389 388-ді құрады.

Медициналық бригадалар диагностикалық процедуралар ғана емес, сондай-ақ шағын амбулаториялық оталар жасайтын 35 маманнан тұрады, оның ішінде терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, мейірбике, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, тіс дәрігері, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог бар. Медпойыз қозғалысының кестесі шалғай станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде әзірленді.

- Бүгін медициналық көмекке зәру көптеген адамдар үшін өте маңызды күн. Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы әр уақытта аудан орталығына бара алмайды. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздерінің де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі туындайды. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті дамдарға шағын оталар жасау қарастырылған, - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева салтанатты шығарып салу рәсімінде.

Медициналық пойыз станцияларда 1-2 күн болады. Дәрігерлер тұрғындарды жұмыс уақытында қабылдайды.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы бойынша алғаш рет, пойыз жұмысына, азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық әрі медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылуда. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңес берілетін болады.

- Қызметіміздің басты мақсаты – «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы кәсіпорындары бар өңірлерге ерекше назар аудара отырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсарту. Осы жылдағы 7 жобаның ішінде денсаулық сақтау бағытында 590 миллион теңге бюджетпен «Медициналық пойыз» жобасы бірінші болып басымдық иеленді, - деп жеткізді Альфия Адиева.

 «Samruk-Kazyna Trust» қорының қайырымдылық бюджеті 2022 жылы 10 млрд теңгені құрады. Бұл сомаға Қамқоршылар кеңесі 43 әлеуметтік жобаны мақұлдады. Нәтижесінде 500 мың қазақстандыққа, оның ішінде 55 мың балаға және ауылдық жерде тұратын 95 мың қазақстандыққа қолдау көрсетілді.

Добавить комментарий