ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Медициналық пойыз адам өміріне араша түсуде

10/08/2023

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ұлытау облысының тұрғындарын қабылдауды ондағы Теректі станциясынан бастады. Әрі қарай доңғалақ үстіндегі емхана өңірдегі Қарсақпай, Байқоңыр және Қоскөл сияқты тағы үш бекетте болады. Бұған дейін пойыз мамандары Қарағанды облысында сегіз станция халқының денсаулығын тексеріп, бір науқас өмірін құтқарып қалды.

«Адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін жиі көзді ашып-жұмғанша өте жылдам шешімдер қабылдауға тура келеді. Бұл жолы жергілікті фельдшер әріптесіміз пойызға келіп, бізден екі инсульт пен инфаркт алған науқасқа жолығуды өтінді. Оның жүрегі сыр берген. Біз дереу қайтадан инсульт алды ма деген күдікпен тұрғынның үйіне барып, алғашқы көмек көрсетттік және Қарағанды ауруханасының неврологиялық бөлімшесіне шұғыл түрде жатқыздық», - деп әңгімелейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

Науқастың отбасы тез әрекет етіп, көмек қолын созған ақ халатты абзал жандарға алғысын жаудыруда.

Осылайша, өткен аптада, 31 шілде мен 6 тамыз аралығы «Саламатты Қазақстан» кеңес беру-диагностикалық пойызының мамандары 2530 тұрғынды, оның ішінде 713 баланы қарап үлгерді. Жалпы құрамдағы медицина саласы өкілдері 5152 рет кеңес беріп, 430 шағын ота жасады.

Пойыздың әрбір медицина қызметкері көптеген адамды қарады: жалпы тәжірибе дәрігері/терапевт/педиатр – 1041; хирург – 886; уролог – 644; невропатолог – 301; офтальмолог – 450; ЛОР – 799; акушер-гинеколог – 89; стоматолог – 586; ЭКГ – 246; УДЗ – 949; ФЛГ – 47; кардиолог – 356; ЭхоКг – 331 адам.

Сондай-ақ, шалғай бекет тұрғындары пойыздың медицина қызметкерлеріне ғана емес, медиаторлар мен заңгерлерге де алғыс білдіруде. Мысалы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бүркітті станциясының 1974 жылы туған тұрғыны несие төлемін кешіктірген. Пойыз медиаторының араласуымен банк ай сайын 10 мың теңгемен төлемді өсімпұлсыз 3 айға кейінге қалдыруға келісті.

 Естеріңізге сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асыруда. Басты ақпараттық серіктес – ҚР Президентінің Телерадиокешені.

Добавить комментарий