Кәусардың алғашқы қадамдары

04/10/2023

Сал ауруына шалдыққан кішкентай Кәусар қазір Тараз қаласындағы «Samruk-Kazyna Trust» қоры тарапынан қолдау тапқан оңалту орталығында ем алып жатыр.

Бөгде адамның көмегінсіз жүріп-тұруы қиын, қимыл-қозғалысы бұзылған Кәусар қазір өздігінен тұрып, 4-5 қадам жасайтын болды. Тіпті орталыққа алғаш келгенде дұрыс сөйлей алмаған ол қазір ертегілерді әңгімелеп, мазмұндай алатын нәтижеге жетті.

«Кәусар ханшайымымыз бізде кішкентай кезінен оңалтудан өтіп, әр талпынысымыз оң нәтиже беруде. Психологиялық, көңіл-күй жағдайы жетіліп, айналасын тани бастағанын аңғардық. Тіл қату қабілеті ұшталып, сөздік қоры көбеюде. Айтқанның барлығын қайталайды. Қол моторикасы жақсарып, өзіне қызмет ете алады. Оның ішінде бау байлау, қасық ұстау және тағы басқа. Басты мақсат орындалды, сеніміне кіріп қана қоймай, кіршіксіз көңіліне кір келтірмедік», - дейді орталықтың пелагогтары.

Мамандар ерекше балалармен жұмыс өте абай, нәзік көзқарасты қажет ететінін айтады. Сол үшін де оларға әр ерекше баланың алғашқы қадамдары мен жеңістеріне қуанады.

«Қызымның қазіргі жетістіктері ретінде бастапқыда жатырқап, сұраққа жауап қайтармайтын. Орталыққа барғалы өзгеріс көп. Оның ішінде мінез-құлқы көркейді. Жылу мен мейірім сыйлаған ұжымға, әсіресе кәсібилікпен қол ұшын созған логопедке алғысымыз зор», - дейді Кәусардың анасы Назгүл Тілеубердиева.

Жалпы «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан Жамбыл облысында 2017-2023 жылдар аралығында жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 13 әлеуметтік жобаны іске асырды.

Пікір үстеу