Дәрігерлер сирек сырқаты бар балаларға ота жасады

09/02/2024

«Балаларға өмір сыйла» жобасы аясында дәрігерлер мастер-класс өткізіп, екі бас бармағы бар қыз балаға, саусақ алыптығы бар ұл балаға, сондай-ақ басқа да қазақстандық балаларға операция жасады.

Отаны жобаның серіктесі - «ДОМ «Милосердие» қорының шақыруымен Н.И.Пирогов атындағы жоғары медициналық технологиялар клиникасының хирургтары мен анестезиологтары Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында жүргізді. 

Алматылық екі жасар Айсұлу полидактилияның күрделі түрімен, атап айтқанда қос бармақпен дүниеге келген. Бұл әр қолында алты саусақпен сипатталатын ақау. Артық саусақты алып тастау биомеханиканы терең білуді қажет етеді. Хирургиялық емдеу дұрыс болмаған жағдайда кішкентай науқастың денсаулығына сыр беріп, саусақтарының қимылын нашарлатады. Қазақстандық және ресейлік дәрігерлер бірлесе ота жасап, ультрадыбыстық бақылаумен өткізгіш анестезияның бірегей технологиясын қолданды. Қазір Айсұлу өзін жақсы сезінеді.

Хирургтар «парциалды гигантизм» диагнозы қойылған 4 жасар Нұралиге де ота жасады. Туғанынан бастап сол қолында ісік пайда болып, ортаңғы саусақты қалыптан тыс мөлшерге жеткізген.

Бес күн ішінде шетелдік хирургтар мен анестезиологтар қазақстандық әріптестеріне аяқ-қолдардың күрделі патологияларын емдеуде және түзетуде тәжірибелерімен бөлісті. Басқа да күрделі сырқаты бар балаларға операция жасалды. Жоба аясында 2023 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қаржылық қолдауымен Қазақстанда диагнозы емделмейтін 61 балаға ота жүргізілді.

Comments are closed.