ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

«Charity Samruk Marathon» марафонына қатысушылар қаражатына 5 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

06/09/2024

1 маусымда өткен «Самұрық-Қазына» АҚ «Charity Samruk Marathon» қайырымдылық марафонына 2 мыңға жуық адам қатысты. Қатысушылар мен компаниялардан 126,7 миллион теңге жиналып, Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорына жіберілді. Одан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың тапсырмасымен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Қаржы мектептерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, құрал-жабдықтар, жиһаз бен оқу-әдістемелік құралдарды сатып алуға, мамандар даярлауға қарастырылды.

Тиісті тәжірибе мен әдістемені зерделей келе, Қор сарапшылармен бірлесе отырып, психолог, дефектолог, логопед және қыш бұйымдарын жасау кабинеті үшін open space түріндегі кең бөлмелер, сонымен қатар емдік дене шынықтыру кабинеті арнайы аймақтарын құруымен ерекшеленетін инклюзияны қолдаудың жаңа үлгісін әзірледі. Дәрісханалар аумағы кемінде 60 шаршы метрді құрайды. Бұл сәйкесінше балаларға ыңғайлы да жайлы жағдайда сабақ өткізуге мүмкіндік береді. Жаңа сипаттағы тиісті сыныптар №22 мектеп-гимназияда, №36 орта мектепте, Қ. Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейде, Ә. Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейде және №97 мектеп-гимназияда жабдықталды. Жоба ерекше білім беруді қажет ететін 150-ден астам баланы қамтиды.

Логопед кабинеті сөйлеуді дамытуға арналған смарт айнасы бар модульдік логопедиялық үстелмен, логопедиялық массаж үшін орындық-кушеткамен, құммен сурет салуға арналған планшетпен және үстелмен жабдықталған. Дефектолог аймағында сенсорлық түсіруге арналған талшықты-оптикалық пердеден, балалардың қарым-қатынасын және әлеуметтенуін дамытуға арналған қуыршақ театрынан және маманның жұмыс үстелінен тұратын модульдік жұмыс үстелі бар. Психолог кабинетінде жұмсақ жабдықтар мен оқуға арналған үстел қойылған. Қыш бұйымдары студиясында балалардың моторикасын және шығармашылық қабілетін дамытатын қыш станогы және үйлесімділік атмосферасын құрып, балаларға эмоционалды қолдау көрсетуге көмектесетін аквариумдар мен жануарлар алаңы бар.

Жеке емдік дене шынықтыру бөлмесі балалардың жалпы моторикасы мен  функционалдық қабілетін дамытуға арналған және саналуан жаттығу құралдарымен жабдықталған.

Добавить комментарий