Болашақ музыка пәнінің ұстаздарымен сұқбат

14/10/2022

Осы жылдың тамыз айында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен Маңғыстау облысының көпбалалы отбасылардан шыққан 177 бала еліміздің үздік колледждері мен арнайы орта білім алу мекемелерінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

Жас жаңаөзендік оқушыларды қабылдаған 44 оқу орнының қатарында «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы колледж де бар. Талай жанның өнерін шыңдаған білім ордасында бүгінгі кейіпкерлеріміз – Жазира мен Дария да оқиды.

Жазира Халжан – домбыра бөлімінде оқитын 1-курс студенті. Ол 4 жыл бойы Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет үйінде домбыра үйірмесіне қатысып, жетістіктерге қол жеткізген. «Жарқын болашақ» жобасының арқасында ол арманына бір қадам жасап – болашақта балаларға домбырада ойнауды үйретпек.

Кішкентай кезімнен домбырада ойнау арманым еді. Мен оқуға түсу кезінде емтиханнан жоғары балл алдым. Әрі «Астанаға оқуға түстің» деген хабарды естігенде қатты қуандым! Алдағы мақсатым – колледжден кейін университетке түсу. Болашақта домбыра аспабының мұғалімі болып Қазақстанның атын шығаратын шәкірттерді тәрбиелегім келеді. 

Дария Сүлейман үш жыл скрипка аспабында оқыған және қазір осы аспапта ойнау шеберлігін шыңдауда. Дария Ақтау қаласына оқуға түсемін деп дайындалып жүрген, алайда өмір толқыны оны Астанаға бұрды. «Жарқын болашақ» жобасына қатысып, «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы колледждің студенті атанды.

Скрипка аспабы бойынша Жаңаөзен қаласында 3 жыл оқығам, ол өте аз екенін біліп, оқуға түсу үшін ерекше құлшыныспен дайындалдым. Емтихан барысында үш шығарма ойнадым. Мен үшін өте қиын болды, қатты қобалжыдым. Бірақ «Samruk-Kazyna Trust» қорының арқасында осы оқу орнына түстім. Солардың үмітін ақтап, болашақта Жанаөзенде скрипка аспабын дамыту, мектебін ашу – менің мақсатым.

Өнерпаз қыздар екі айдан бері елордада білім алып, осындағы жайлы жатақханалардың бірінде тұрып жатыр.  Оларға Астана мен студенттік өмір қатты ұнайды. Біз де өз тарапымыздан студенттерге табысты оқу, мықты денсаулық және мақсаттарының орындалуын тілейміз!

Comments are closed.