Биыл да медпойыз еліміздің шалғай станцияларына барады

13/04/2023

26 сәуірде Алматы-2 станциясынан «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шығып, ағымдағы жылдың 6 желтоқсанына дейін қатынайтын болады. Медициналық пойыз бағыты медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды.
«Медициналық пойыздар» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ - «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырады.
Биыл шалғай станциялар тұрғындары білікті мамандардан: терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқалардан тегін тексеруден және емдеуден өтуге мүмкіндік алады. Пойыз бас серіктес - «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауының арқасында заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталды.
Медпойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалды.
Пойыздың қозғалыс кестесін жобаның @medpoezd.kz парақшасынан көруге болады.

Comments are closed.