ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Балаларға қамқорлық:«Самұрық-Қазына» Павлодарда жаңа оңалту орталығын ашты

25/12/2024

Орталықта жыл сайын әртүрлі патологиялары бар үш жасқа дейінгі 600 балаға кешенді көмек көрсетіледі. Павлодардағы бұл нысан - «Самұрық-Қазына», «Қазақстан халқына», «Қамқорлық қоры» қорларының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың серіктестігімен ашылған 17-ші ерте араласу орталығы.

Мұнда балаларға әлі қалыптаспаған функциялар мен дағдыларды игеруге немесе дамытуға көмектеседі. Ол үшін арнайы техникалық құралдар, тренажерлер орнатылып, қозғалыс дағдыларын дамыту бойынша технологиялар енгізілді. Мұның бәрі ерекше балалардың балабақшаға, мектепке және алдағы өмір жағдайларына сәтті бейімделу мүмкіндігін арттырады. Орталық Ш.Чокин көшесі 148 мекенжайы бойынша облыстық оңалту орталығының 4-корпусында орналасқан.

«Инклюзия саласы – «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігінің басым бағыты. Серіктестеріміз «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық қоры» қорларымен бірлесе отырып, еліміз бойынша оңалту орталықтарының желісін құрдық. Павлодарда аутизмі бар балаларға арналған орталық және ерте араласу орталығы ашылды. Жалпы, Қор Павлодар облысында соңғы төрт жылда жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 14 жобаны іске асырды»,-деп атап өтті ашылу салтанатында «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Айта кетейік, ерте араласу орталықтарын ашу жобасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» және «Қазақстан халқына» қоры орталықты материалдық-техникалық жабдықтауды қаржыландырды, «Қамқорлық қоры» қоры мамандарды оқыту мен жобаны үйлестіруді жүргізеді. Павлодар облысының әкімдігі қажетті инфрақұрылымды таңдау және ғимаратты жөндеуді қаржыландырды. Аталған нысанға бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы 176 млн теңге бөлінді.

Еліміз бойынша барлығы 17 осындай орталық жұмыс істейді. Ерте араласу орталықтарын ашу жобасы іске қосылған сәттен бастап 12 мыңнан астам бала көмек алды, олардың 3 мыңнан астам баланың тілі шығып, тіреумен және өз бетінше алғашқы қадамдарын жасады. Келесі жылы Қызылорда мен Алматыда ерте араласу орталықтарын ашу жоспарланған.

Добавить комментарий