Балалар саяхат пойызы 2-мәрте сапарға аттанды
24/07/2024
Бүгін, 24 шілде «Туған елге саяхат» жазғы танымдық-туристік пойызының 2-кезеңіне қатысушылар жолға шықты. Еске сала кетсек, бұған дейін алғашқы кезең қатысушылары да 12 күн бойы Қазақстанның көрікті жерлерін аралады.
Елордамен жақынырақ танысқан соң «Нұрлы жол» вокзалынан қызықты сапарға аттанған жас саяхатшылар 3 тамызға дейін Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңыр аймақтарындағы танымал мәдени-тарихи орындарға барады. Мәселен жоба қатысушылары Бурабайда Абылай хан алаңы мен Кенесары үңгіріне, Оқжетпес пен Жұмбақтасқа, Алматыда Көктөбе мен этноауылға, суға түсу ойын-сауық кешені мен дельфинарийге, Таразда еліміздегі ең алғашқы көне мешіт пен Қарахан баба кесенесіне, Түркістанда Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссаиу рухани орталықтарына, Керуен-сарайға, Байқоңырда ғарыш айлағына және басқа да көп жерге бармақ. Сонымен бірге өскелең ұрпақ өкілдері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына үн қосып, саяхат барысында экологиялық өмір салтын қалыптастырады.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан екі маусымда барлығы 10-15 жас аралығындағы 400 бала қызықты саяхатпен қамтылып отыр. Олардың тең жартысы Қордың шалғай аудандардағы өндірістік кәсіпорындар қызметкерлерінің балалары болса, қалған бөлігі су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасылардағы балалар. Қордың әлеуметтік саясатының негізгі қағидаты – халық игілігіне жұмыс істеу, оның ішінде әсіресе балаларға қамқорлыққа ерекше ден қойылады. Өздеріңіз байқағандай, әлеуметтік жобаларымыз қоршаған ортаға жанашырлық, мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптеу сынды өмірдің сан қырын қамтуда. Осының бәрін балалар бойына сіңіріп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына күш салынып келеді», - дейді компаниялар тобы атынан жобаға қолдау көрсетуші «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева. Сонымен бірге, жобаның тәрбиелік-мазмұндық жағына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атсалысуда.
Екінші кезеңде, ең көбі Атырау облысынан 44 және СҚО 16, БҚО 21, Ақтөбе облысынан 21, Қостанай облысынан 15, Ақмола облысынан 12, Қарағанды облысынан 8, Ұлытау облысынан 1, Маңғыстау облысынан 11, Қызылорда облысынан 8, ШҚО мен Абай облысынан 13, Алматы және Түркістан облыстарынан 6, Павлодар облысынан 11, Жамбыл облысынан 7 бала «Туған елге саяхат» пойызының бақытты жолаушысы атануда.
Саяхаттағы демалыстан басқа, пойызда мектеп оқушыларымен тәжірибелі тәлімгерлер мен педагогтар жұмыс істеп, қызығушылықтары бойынша үйірмелер, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылады. «Таза Қазақстан» акциясын қолдау аясында балаларға экология тақырыбында шеберлік шарасы өткізіліп, жас саяхатшылар қоқысты дұрыс сұрыптауды, әрі қарай қалай кәдеге жарату керектігін үйренеді. Бұл ретте вагондарға тұрмыс қалдығы түрлеріне байланысты арнайы контейнерлер орнатылды. Осылайша жол бойы балалар алған білімдерін зерделеп, экологиялық дағдыларды дамыта түседі.
Пойыздағы 9 вагонның екеуі балалардың тамақтануына арналса, қалған жетеуі купелерден тұрады. Барлық вагонда кондиционерлер мен санитарлық тораптар орнатылған, медицина қызметкері қарастырылған.
Алтыншы мәрте жолға шыққан «Туған елге саяхат» пойызы арқылы бұған дейін 5 жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 3 мыңға жуық бала қамтылды.
Добавить комментарий