Балалар пойызы қорытынды үшінші сапарына аттанды
21/07/2023

«Туған елге саяхат» пойызы өзінің биылға соңғы сапарында бұған дейінгі әдепкі бағдар өңірлерінен тыс, еліміздің батысына жол тартады. «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай ұйымдастырылған жазғы каникул құрамындағы жас саяхатшылар қарт Каспий сұлулығын тамашалауға мүмкіндік алып отыр.

Елордадағы «Нұрлы жол» вокзалынан саяхат керуеніне мінген 200 жобаға қатысушы бала 30 шілдеге дейін Алматы – Түркістан – Байқоңыр – Ақтау – Астана бағытында әсерлі жол жүріп қайтады.
Өткен екі кезеңдегі 10-15 жас аралығындағы 400 бала 20-28 маусым аралығы Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай – Астана, ал 2-11 шілде Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Алакөл – Астана бағдарларында Қазақстанның көрікті әрі тарихи жерлеміне танысқаны аян. Бұл жолы да өскелең ұрпақ өкілдерінің жаңа достар тауып, бір-бірімен қимай қоштасатыны даусыз!
Жас жолаушылар ішінде «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары бар.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылуда.
Добавить комментарий