Аутизмі бар балаларға арналғанжаңа орталықта роботтар жұмыс істейді
04/04/2023
Бүгін Павлодар қаласында Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталық ашылды. Кеше осындай орталықтың алғашқысы Шымкентке қолданысқа берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша Павлодар облысында аутизм спектрі бұзылған 300-ден астам бала тіркелген.
Салтанатты ашылу шарасында қызыл лентаны Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева және «Қамқорлық қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова қиды. Сондай-ақ, шараға ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өкілдері қатысты.
«Балаларымыздың денсаулығы – барлығымыздың ортақ міндетіміз. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы және «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп ашқан Павлодар облысындағы «Қамқорлық» орталығының жұмысы аутизмі бар балалардың ата-аналарын жүгін едәуір жеңілдетуге тиіс. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы аутизмі бар балаларға арналған 8 орталықты заманауи жабдықтармен қамтамасыз етудеміз. Бұл іске өңірде орналасқан Қор кәсіпорындары зор үлес қосқаны сөзсіз», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Аталған аутизмі бар балаларға қолдау көрсету орталығы Павлодарда ашылған алғашқы мемлекеттік мекеме. Орталықты жабдықтау мәселесінде, аутист балалармен жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып әзірленген, үй-жайларды жобалаудың бірыңғай тұжырымдамасы мұқият қаралды. Орталықта аутизм спектрі бұзылған балаларды оңалтуда жаңа жабдықтар қолданылады: интерактивті және сенсорлық бөлмелер, роботерапия және басқа технологиялар. Балалармен қарым-қатынаста EN және ISO халықаралық талаптары мен стандарттарына сәйкес келетін берік, қауіпсіз және жылжымалы жиһаз қолданылады.
Әлемдік тәжірибеде аутист балалармен түзету жұмыстарында робототехниканы қолдану әдетке айналған. Барлық бала мұғалім нұсқауын орындай бермейді. Өйткені мұндай іс-қимыл олардың кейбірі үшін жайсыз тікелей көз байланысын қажет етеді. Ал роботтар бұл ыңғайсыздықты жояды. «Қамқорлық» орталығында Nao және Furhat атты роботтар мамандарға балаларды тұрмыстық дағдыларға үйретуге, диалог құруға, зейінді дамытуға арналған жаттығулар өткізуге, сондай-ақ кеңістіктегі қозғалысқа көмектесетін болады.
«Қазіргі таңда аутизм спектрі бұзылған балалар тәрбиелеудегі ата-аналарға мамандардың көмегі қолжетімсіз немесе қалтасы көтермейді. «Қамқорлық» орталықтарының ашылуы аутизмнің ауыр түрлерімен ауыратын балаларға олар тұратын жерде ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларына осындай маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріне алғысымызды айтамыз», - деді «Қамқорлық қоры» директоры Арайлым Еркінова.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 1 млрд 215 млн теңге бөлінген орталықтар жыл соңына дейін Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Жетісуоблыстарында және Алматы қаласында ашылады. Нәтижесінде Қазақстан бойынша 1000 баланың еміне жағдай жасалады. Павлодардағы орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық бұзылулары бар 125 балаға арналған.
Добавить комментарий