ОКАЗАТЬ ПОМОЩЬ

Астанада ерекше әлеуметтік жобалар жүзеге асуда

02/11/2022

Бүгін журналистер мен қоғам қайраткерлері, ҚР Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары «Samruk-Kazyna Trust» қорының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турына қатысты. Олар елорданың әлеуметтік нысандарын аралап, Қор «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қаржыландыратын жобалар арқылы рухы биік көмек алушылармен, дәрігерлермен, балалармен, олардың ата-аналарымен және ерекше спортшылармен жүздесті.

Елордадағы баспасөз шарасының алғашқы нысанына тоқталсақ, «Тарлан» мұз сарайында парахоккейден Астана құрамасы жаттығып жатыр. Спортшылар Қор қолдауымен С-Pool әлем чемпионатына қатысуға қызу дайындалуда. 14,5 миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдау аясында өмірге жаны құштар, қайсар жандар дүбірлі додаға сапар шегіп, онда тұра алады және қажетті құрал-жабдығын түгендеп, лицензия иеленеді.

Келесі «Саламатты болашақ» жобасы арқылы парахоккейшілердің ізбасарлары деуге болады, ерекше балалар бейімделген спортпен шұғылдануда. «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен серіктестік арқасында олар белсенді өмір салтын ұстанып, жүзу мен каратэ, бочча, таэквондо мен хореография секцияларында ой-санасын сергітеді, денесін шынықтырады. Сонымен қатар төрт қабырғада торықпай, сырттағы қатарластарымен араласып жадырап қалады. Нәтижесінде жыл сайын еліміздің 16 қаласы мен кентінде 720 мүгедектігі бар бала спорттың 10 түрі бойынша «Саламатты Болашақ» секцияларына тегін барады. Жобаның бюджеті, соңғы 2 жылды алсақ, 275,4 миллион теңгені құрайды.

Баспасөз турына қатысушылар барған «Замандас 21» қоғамдық қоры арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында, отбасылық аула клубтарының жұмысы жолға қойылған. 6 клубта 25 үйірме мен секция жұмыс істесе, бұдан бөлек коворкинг орталық жұмыс істеуде. Оларда балалар ағылшын тілін үйреніп, робототехникамен, музыкамен және шахматпен, өзге де пайдалы іспен айналысады. Бұл, әлбетте, қазіргідей күзгі оқу демалысы кезінде де өзекті. Астанадағы спорт және шығармашылық үйірмелері жылына 3 500 баланы қамтып отыр. Сонымен бірге, аталған аула клубтарында өмірінде тығырыққа тіреліп, қиналған ата-аналарға психолог мамандар кеңес береді. Жоба бюджеті 180,6 млн теңгені межелейді.

«Негізі елде қалалық жерлерде балалар мен жасөспірімдерге орталықтар керек деген сұрақ үнемі көтеріледі. Дәл осы ретте бүгін болған орталық жасөспірімдердің өзінің тек қана уақытын өткізіп қана қоймай, ерекше қасиеттерін дамытуға мүмкіндік беретіні анық. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы айтқандай, әр аудандық деңгейде осы отбасы қолдау орталықтарын ашу керек және олар ауылдарда да қызмет еткені абзал. Бұл мақсатта бүгінгі «Самұрық-Қазына» АҚ қолдап жатқан жобалардағы тәжірибені енгізсе, үлгі етсе жарайды деп ойлаймын. Бастысы – отбасы толық, ана баламен болуы қажет. Сын көп, бірақ қазір көргенім көңілімнен шықты. Сәттілік тілеймін!», - деп пікірін білдірді Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова отбасылық аула клубының жұмысымен танысқан соң.

 «Баланың ойын, зияткер санасын дамытатын, шығармашылық қабілетін арттыратын, бірнеше бағыттағы үйірмелерді көрдік. Бұл, әрине, жақсы. Өйткені қазір балалардың таным-түсінігі жыл өткен сайын өсіп келеді. Сөздеріне, ойларына көп көңіл бөлу керек. Ерекше балалардың өнерін тамашаладық. Мұндай жұмыстар жалғасын таба берсе құба-құп. Сондықтан «Респект» деп айтар едім», - деді Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова.

 «Samruk-Kazyna Trust» қорының 2022 жылға арналған қайырымдылық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 9 айда 7,1 млрд теңге игерілді. Бұл ретте ел бойынша 44 жоба іске асырылуда, оның 30-ы биыл Қамқоршылық кеңестің мақұлдауына ие болды.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы болып табылады және халық үшін әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырады. Қор денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және өзге де салаларда қызмет етеді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов түйінінде.

Жұртшылықты «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әлеуметтік жобаларымен таныстыру қараша айының аяғына дейін еліміздің батыс өңірлерінде жалғасын табады.

Добавить комментарий