Аймақтағы әлеуметтік жобаларды дамыту – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының басты міндеті

27/04/2023

Павлодар қаласындағы аутизм орталығына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы кәсіпорындарының қызметкерлері келді. Бұл орталық қордың қаржыландыруымен Павлодар облысында ашылған әлеуметтік бағыттағы алғашқы нысандардың бірі. 2023 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауының арқасында Қазақстанда аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 8 «Қамқорлық» Орталығы ашылады. Демек еліміздегі 1000 бала мамандардың назарында болады.

Бұл «Ынтымақ» жобасы аясында өткізілген кездесу болатын. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының жас мамандары орталық жұмысымен танысты, қызметкерлерімен пікір алмасты, кішкентай тәрбиеленушілердің сабақтарына да қатысты. Қонақтардың қатарында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Air Astana» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Павлодар ҰХЗ» ЖШС басшылары, сондай-ақ Қор компаниялары тобының Жастар қозғалысының белсенділері болды.

«Өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуда «Самұрық-Қазына» АҚ-ның және оған қарасты еншілес компаниялардағы әріптестеріміздің әрқайсысының үлесі бар. Жалпы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бүкіл ел бойынша ірі қайырымдылық жобаларды қолдауға мүмкіндік береді. Мұндай жобалардың жарқын мысалы – Аутистік Спектрі Бұзылған балаларға арналған «Қамқорлық» орталықтарын, бүкіл ел бойынша ерте араласу орталықтары мен оңалту орталықтарын ашу», - деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілі.

Қайырымдылық қызметі шеңберінде Павлодар облысындағы компаниялар тобының атынан 2016-2022 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 3 млрд 188 млн.теңгеге 29 жоба іске асырылды және игі бастамалар әлі де жалғаса бермек.

«Ынтымақ» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының бастамасымен жүзеге асқан еді. Негізгі мақсат - жүзеге асып жатқан қайырымдылық қызметтер туралы ақпаратты портфельдік компаниялар мен еншілес ұйымдар кәсіпорындарының ұжымдарына таныстыру болатын. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында «Ынтымақ» жобасы аясында 120 жас маман Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік нысандарына барды.

Comments are closed.