«Samruk-Kazyna Trust» Алматыдағы Әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде жобаларын таныстырды

29/04/2022

Алматыда «Үйлесімді даму және бақытты балалық шақ – қазіргі заманның басты басымдығы» тақырыбында Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Әлеуметтік идеялар мен жобалардың республикалық жәрмеңкесі - бұл коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) арасындағы байқауды, ақпараттық-білім беру сессияларын, нетворкингті, әлеуметтік кәсіпкерлік пен қоғамдық ұйымдардың стартаптары саласындағы үздік тәжірибемен алмасуды қамтитын, азаматтық секторға арналған шаралар кешені.

 

Шара барысында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының жобалық басқару департаментінің директоры Әсет Қылышбаев та ойын ортаға салды.

 

«Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі - әлеуметтік сала өкілдерімен танысуға және тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Мұнда маңызды әлеуметтік бастамаларды іске асыру нәтижелерін көруге болады. «Samruk-Kazyna Trust» қоры - еліміздегі ең ірі қайырымдылық қорлардың бірі. Бүгін біз өз сөзімізде азаматтық сектор, ҮЕҰ өкілдері бізге өтініммен қалай жүгіне алатыны және қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешу үшін көмек ала алатыны туралы айтып бердік. ҮЕҰ ұсыныстарына әрдайым ашықпыз және олардың өтінімдерін күтеміз», — деді ол.

 

Атап өткен жөн, осы уақыт ішінде әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауына 2 300-ден астам КЕҰ қатысты, олардың ішінде 311 ұйым жеңімпаз атанды. Конкурстың басты мақсатының бірі — жалпыұлттық міндеттерді шешуде әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру және өңірлерде халықтың әлеуметтік бастамаларын жандандыру.

 

2022 жылы байқауға Қазақстанның коммерциялық емес ұйымдарынан балаларды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған 177 жоба ұсынылды. Оның 50-і жәрмеңке аясында өтетін ақтық сынға шықты.

 

Ашылу кезіндегі басты кейіпкерлер әр жылдардағы жәрмеңке жобаларының жеңімпаздары – балалар мен жастар болды. Бұл дегеніңіз, өскелең ұрпақ өкілдері КЕҰ әлеуметтік маңызды бағдарламалары арқылы тікелей көмек пен қолдау алып отыр.

 

Жәрмеңке спикерлері арасында «Samruk-Kazyna Trust» серіктестері - ITeachMe, Нұрсұлтан Назарбаев қорларының өкілдері, ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин және басқалар болды.

Comments are closed.