«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қызметі бойынша ашық кездесуі онлайн форматта өтті

04/02/2022

3 ақпанда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қызметі мәселелері бойынша онлайн кездесу өтті. Қордың қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры болып табылады. Сұрақтарға Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Марат Әйтенов жауап берді.

Кездесуге коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, белсенділер, Қордың еншілес компанияларының өкілдері және белсенді азаматтар қатысты.

Іс-шарада тіркеуден өткен кез келген адам өз пікірін білдіре алады. Сілтеме 2 күн ішінде әлеуметтік желілерде және «Samruk-Kazyna Trust» сайтында, сондай-ақ қызметі әлеуметтік мәселелерді шешумен байланысты топтарда орналастырылды.

Қатысушылардың негізгі сұрақтары соғыста жоғалған қазақстандықтарды іздеу, паллиативтік көмек, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау, шала туған балаларды емдеуге көмек көрсету үшін медициналық мекемелерді жарақтандыру және басқа да түрлі әлеуметтік жобаларды-бастамаларды қолдау мүмкіндіктеріне қатысты болды.

«Samruk-Kazyna Trust» Қоры әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған және жүйелілік пен орнықтылық критерийлеріне жауап беретін барлық келіп түскен өтінімдерді қарайды. Өтінімді www.sk-trust.kz сайтында кез келген уақытта онлайн форматта беруге болады. Қажетті құжаттар тізімі туралы ақпаратпен «Серіктес болу» бөлімінде танысуға болады.

Сонымен бірге, өтінім жоба шешуге бағытталған мәселені ашуы керек. Жобаның сипаттамасы нақты сандық және сапалық көрсеткіштермен дәлелденіп, расталуы керек. Әрбір бөлімде жобаны қаржыландырудың орындылығын негіздеу үшін қажетті ақпарат болуға тиіс.

Сондай-ақ қоғам өкілдерінен компания қызметінің бағыттары мен қайырымдылыққа бағытталған қаражат туралы сұрақтар келіп түсті. Оларға Қордың барлық қызметі үш басты құжатқа – Қайырымдылық саясатына, «Самұрық-Қазына» АҚ тобының Қайырымдылық бағдарламасына, сондай-ақ Қайырымдылықты көрсету және оған мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Осы материалдардың барлығы «Samruk-Kazyna Trust» сайтының «Құжаттар» бөлімінде орналастырылған. Қайырымдылық бюджеті, жетістіктер мен нәтижелер туралы ақпаратты Қордың ресми сайтындағы жылдық есептерден табуға болады.

Сұрақтардың басқа бөлігі «Самұрық-Қазына» тобының еншілес компанияларынан келіп түсті. Тікелей эфирде Қордың еншілес компаниялары «Samruk-Kazyna Trust» бағалауы мен сараптамасына сүйене отырып, өздерінің әлеуметтік жобаларына бастамашылық жасай алатын құжатты әзірлеу жоспарланып жатқандығы хабарланды. Бастаманың мақсаты - жергілікті жерлерде әлеуметтік шиеленісті азайту, қоғамдық сұранысқа назар аудару.

Comments are closed.